Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Оның сөзінше, қос мемлекет бірлесіп, Қазақстанда ірі индустриялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.
— Жарқын мысал ретінде Škoda Auto компаниясымен әріптестікті атауға болады. Қазақстан 2024 жылы аталған кәсіпорынмен серіктестікте автокөлік шығаруды бастады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, 2800-ден астам техника өндірілді, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, ендігі мақсат — автокөлік бөлшектерін елімізде жасауға көшу және машина жасауға қажетті өнімдерді өндірудің толыққанды тізбегін қалыптастыру.
— Мұндай жобаларды біз дайын бөлшектерден өнім құрастыратын алаң емес, технология мен өндірісті дамытудың құралы ретінде қарастырамыз. Viessmann компаниясымен бірлесіп, жылу энергетикасы құрылғыларын өндіреміз. Жоба құны — 9 млн доллар, — деді Олжас Сапарбеков.
Авиация секторы да назарда. Omnipol компаниясы арқылы елімізге L 410 ұшақтары жеткізіліп жатыр.
— Аталған техниканы әлі де алу жоспарда бар. Сондықтан Қазақстандағы кәсіпорындардың бірінде бұл ұшаққа сервистік қызмет көрсету және жөндеу бойынша орталық ашу қажет, — деді вице-министр.
Оның мәлімдеуінше, осылайша, Қазақстан мен Чехия қарым-қатынасы дамып, саудадан біртіндеп ортақ өндіріске ұласып келеді. Одан әрі бөлшектерді өзімізде өндіріп, жаңа индустриялық бағыттар ашу жоспарда бар.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 700 млн доллардан асқанын жазғанбыз.