Қазақстан мен Италия 436 миллион долларға ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойды

09.10.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Италия астанасында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің жетекшілігімен сауда-экономикалық миссия өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оған Қазақстан делегациясы мен Италияның 70-тен астам компаниясының өкілдері қатысты.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырды. Миссия жұмысына Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерболат Сембаев та қатысты.

Қазақстан делегациясының құрамына агроөнеркәсіп кешені, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, мұнай-газ және мұнай-химия салалары, машина жасау, құрылыс, сондай-ақ инновациялық технологиялар мен қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындардың өкілдері кірді.

Миссияның негізгі бөлігі қазақстандық және италиялық кәсіпкерлер арасындағы B2B форматындағы келіссөздер болды. Тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту, өнімдерді тікелей жеткізуді ұйымдастыру, өндірістік кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

«Қазақстан отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыра отырып, халықаралық саудадағы позициясын нығайтып келеді. Біздің басымдық – экспорт географиясын кеңейтумен ғана шектелмей, тұрақты сауда байланыстарын қалыптастыру, өндірістік кооперацияны дамыту және қазақстандық өнімнің әлемдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру», – деді Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.


Кездесуде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің, соның ішінде астық пен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспортын ұлғайтуға ерекше назар аударылды. Италия нарығы отандық өндірушілер үшін экспорт бағыттарын әртараптандыру және Еуропадағы жаңа өткізу арналарына шығу тұрғысынан үлкен қызығушылық тудырады.

Іскерлік бағдарлама аясында Италиядағы ірі кооперативтік бөлшек сауда желілерінің бірі – Coop Italia өкілдерімен көшпелі кездесу де өтті. Тараптар қазақстандық азық-түлік өнімдерін италиялық сауда желілері арқылы өткізу мүмкіндіктері мен тікелей коммерциялық байланыстар орнату перспективаларын талқылады.

Миссияның нақты нәтижесі — жалпы сомасы 436 млн АҚШ долларын құрайтын ынтымақтастық туралы екіжақты құжаттарға қол қойылуы. Қол жеткізілген уағдаластықтар өзара сауданы кеңейтуге, өнеркәсіптік әріптестікті дамытуға және қазақстандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.

Іскерлік бағдарлама аясында Арман Шаққалиев «Италия – Қазақстан: стратегиялық диалог және ынтымақтастық перспективалары» атты дөңгелек үстелге де қатысты. Жиын Қазақстан, Италия және Орталық Азия елдері арасындағы тұрақты жеткізу тізбектерін дамыту мәселелеріне арналды.

Іс-шара барысында мемлекеттік органдардың, іскерлік бірлестіктер мен екі елдің жетекші компанияларының өкілдері өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, көлік-логистикалық өзара іс-қимылды нығайту, инвестиция тарту және бірлескен өндірістік жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Министр Қазақстандағы өндірістік және ресурстық әлеуетті Италияның технологиялары мен өнеркәсіптік тәжірибесімен ұштастырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруды көздейтін  Made with Italy in Kazakhstan  тұжырымдамасының перспективаларына тоқталды.

Сондай-ақ Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты жеткізу тізбектерінің маңызды буыны саналатын Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға және логистиканың тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологияларды енгізу мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар 2027 жылға жоспарланған Қазақстан-Италия форумына дайындық аясындағы алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын да қарастырды.

Римде өткен іс-шаралар Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті нығайтуға, тікелей іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өзара сауда, инвестиция мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью