Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Тараптар ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату жөніндегі ықтимал келісімге қатысты ниет туралы меморандумға, қоғамдық дипломатия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ дипломатиялық кадрларды даярлау бағытындағы өзара іс-қимылды көздейтін құжатқа қол қойды.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, инновациялық және гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Израиль сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға деген ортақ ұмтылысты айқындайтынын айтты.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
– 2025 жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 162 млн АҚШ долларын құраған. Ал соңғы 20 жылда Израильден Қазақстан экономикасына шамамен 500 млн доллар көлемінде инвестиция тартылған, – деді Ермек Көшербаев.
Бұл кездесуде су ресурстарын тиімді басқару, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Израильдің су үнемдеу технологиялары бойынша жинақтаған тәжірибесін жоғары бағалап, израильдік компанияларды бірлескен жобаларға шақырды.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бекіткен «екі мемлекет – екі халық үшін» қағидатына негізделген палестиналық реттеуді қолдайтынын тағы да растады.
Өз кезегінде Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Қазақстанды Израильдің маңызды серіктесі әрі дос елі ретінде атап өтті.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
– Қазақстан – біздің сенімді әріптесіміз. Елдеріміз арасындағы қатынастар ортақ тарих пен демократиялық құндылықтарға негізделген. Біз Президент Тоқаевтың болашаққа бағытталған көреген саясатын жоғары бағалаймыз және осы серіктестіктің әлеуетін толық іске асыруға ниеттіміз, – деді Гидеон Саар.
Израиль тарапы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде киберқауіпсіздік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын сақтау салаларына инвестиция салуға дайын екенін жеткізді. Осы мақсатта Астанаға 30-дан астам бизнес өкілінен тұратын делегация келген.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 27 қаңтар – Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне орай Израиль Президенті Ицхак Герцогқа жеделхат жолдаған еді.