Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадам болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сапар аясында мемлекеттер арасындағы инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық, тау-кен, авиация және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берілді.
Келіссөздер нәтижесінде Самұрық-Қазына мен Oman Investment Authority арасында бірлескен инвестициялық құрылым құру туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Оман арасында әуе қатынасы туралы келісім жасалып, геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жол ашылды. Бұл бастамалар қазақстандық тауарлардың жаңа нарықтарға шығуына, инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және екі ел арасындағы іскерлік әрі туристік қатынастарды жандандыруға мүмкіндік береді.
Осы және басқа да бағыттардың әлеуеті туралы ҰТО Аймақтық талдау орталығының директоры Расул Қоспанов пікір білдірді. Сарапшы Қазақстанның инженерлік және технологиялық мүмкіндіктері мен Оманның инвестициялық ресурстарын ұштастыру өнеркәсіп, логистика, табиғи ресурстар және жасанды интеллект салаларында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
— Қазақстан мен Оман бірлескен инвестициялық құрылым құру туралы уағдаласты. Осы қор аясында қандай бағыттар мен жобаларға басымдық берілуі мүмкін және тараптар қандай экономикалық нәтижелер күтеді?
— Менің ойымша, белгілі бір елдермен арадағы уағдаластықтарды талқылағанда көбіне нақты жобаларға мән береміз де, олардың қаржылық инфрақұрылымын назардан тыс қалдырамыз. Ал шын мәнінде бұл өте маңызды бағыт. Осы тұрғыдан алғанда, «Самұрық-Қазына» мен Oman Investment Authority арасында бірлескен инвестициялық құрылым құру туралы келісімге қол қойылуы – маңызды бастама. Бұл құрылым перспективалы жобаларды қаржыландыруға және екі елдің инвестициялық мүмкіндіктерін тиімді ұштастыруға жол ашады.
Қазақстан өз тарапынан инженерлік құзыреттерін, цифрландыру және технология салаларындағы мүмкіндіктерін ұсына алады. Ал Оман қаржылық ресурстары мен инвестициялық тәжірибесін ұсынады. Сондықтан алдағы уақытта өнеркәсіп, табиғи ресурстар, цифрландыру, логистика, туризм және басқа да перспективалы бағыттарда бірлескен жобалар жүзеге асуы мүмкін.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оманмен байланысты дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өткен жөн. Президенттің шақыруымен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқтың Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келуі – екіжақты қатынастарға беріліп отырған жоғары саяси мәннің нақты көрінісі. Сапар аясында инвестициядан бастап көлік, энергетика және цифрландыруға дейінгі көптеген бағыттарды қамтитын келісімдерге қол қойылды.
— Келіссөздер барысында көлік және логистика саласына да ерекше мән берілді. Оман порттары арқылы өтетін сауда дәлізін дамыту қазақстандық тауарлардың Парсы шығанағы, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің нарықтарына шығу мүмкіндігін қалай кеңейте алады?
— Көлік-логистикалық байланыстарды дамыту Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі деп ойлаймын. Екі елдің географиялық ерекшеліктерін ескерсек, тиімді көлік дәліздерін қалыптастыру өзара сауданы кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазақстандық бидай, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да экспорттық тауарлар Оман порттары арқылы Парсы шығанағы, Үнді мұхиты және одан әрі Азия мен Африка нарықтарына шығуы мүмкін.
Оманның теңіз порттары мен логистикалық инфрақұрылымы бұл бағытта Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Яғни Оман тек екіжақты саудадағы серіктес қана емес, қазақстандық өнімдердің жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін маңызды логистикалық хабтардың бірі бола алады. Оман тарапының Қазақстанмен порттар арқылы өтетін сауда дәлізін дамытуға қызығушылық білдіруі де осы әлеуетті көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында Қазақстан мен Оманның географиялық артықшылықтарын ұштастырудың маңызын атап өтті. Қазақстанның Орталық Азиядағы орны мен Оманның теңіз порттары мен логистикалық мүмкіндіктерін біріктіру жаңа сауда бағыттарын қалыптастыруға негіз бола алады.
— Тараптар геологиялық барлау саласында келісімдерге қол қойып, мұнай-газ және тау-кен өндірісі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл бағыттарда ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылады?
— Тау-кен металлургия кешені Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықта маңызды орын алады. Қазірдің өзінде Оман мемлекетіне тиесілі Solidcore Resources компаниясының Қазақстандағы жобалары бар. Компания Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы бірқатар жобаларға қатысады. Сонымен қатар мұнай-газ саласында Доңға кен орнын игеру бойынша да бірлескен жұмыс жүргізіліп келеді.
Қазақстанның табиғи ресурстары мен Оманның инвестициялық мүмкіндіктерін ұштастыру бұл бағыттағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Әңгіме тек шикізатты өндіру туралы емес, геологиялық барлау, жаңа кен орындарын игеру, өңдеу және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту жөнінде болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде екі ел үшін де ұзақмерзімді экономикалық серіктестікті нығайтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та келіссөздер барысында мұнай-газ және тау-кен салаларындағы бірлескен жобаларды оң бағалап, Доңға кен орны мен Solidcore Resources жобаларын екіжақты экономикалық байланыстардың маңызды бағыттары ретінде атап өтті. Сонымен қатар геологиялық барлау саласында «ҚазМұнайГаз» бен OQ Exploration & Production арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
— Қазақстан мен Оман арасында әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Тікелей әуе рейстерінің санын көбейту жоспарланып отыр ма және бұл іскерлік және туристік байланыстарды дамытуға қандай мүмкіндіктер береді?
— Қазақстан мен Оман арасында әуе қатынасын дамыту туралы келісімге қол қойылуы екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыруға жаңа мүмкіндік береді. Тікелей әуе рейстерінің көбеюі қазақстандық туристердің Оманға баруын жеңілдетіп қана қоймай, Оман азаматтарының Қазақстанға келуіне де қолайлы жағдай қалыптастырады.
Бұл жерде туризммен қатар, іскерлік байланыстардың маңызы зор. Тікелей рейстер бизнес өкілдерінің екі ел арасында еркін қатынап, кездесулер өткізуіне, жаңа жобаларды талқылауына және инвестициялық байланыстарды дамытуына мүмкіндік береді. Қазақстанның табиғи және туристік әлеуеті де Оманнан келетін саяхатшылар үшін қызықты бағыт бола алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қосымша тікелей коммерциялық рейстерді ашу екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыратынын атап өтті. Ал бүгін қол қойылған әуе қатынасы туралы келісім азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін нығайтып, сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық және туристік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
— Оман Қазақстанмен технологиялар және жасанды интеллект саласында ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан бастап, экономикаға жасанды интеллектіні енгізуге дейінгі қандай нақты бағыттарда Қазақстан мен Оман бірлескен жобаларды жүзеге асыра алады?
— Қазақстан мен Оманның технологиялар және жасанды интеллект саласында да ынтымақтастық әлеуеті жоғары. Оман инвесторлары Қазақстандағы жасанды интеллект жобаларына, соның ішінде Alem.ai секілді бастамаларға қызығушылық танытып отыр. Бұл бағытта Қазақстанның цифрлық шешімдері мен инженерлік құзыреттері Оманның инвестициялық мүмкіндіктерімен толықтырылуы мүмкін.
Бірлескен жобаларды мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, өнеркәсіпке жасанды интеллектіні енгізу, деректерді өңдеу, цифрлық инфрақұрылым, стартаптарды қолдау және жаңа технологияларды коммерцияландыру бағыттарында дамытуға болады. Қазақстандық стартаптар үшін де Оманның инвестициялық экожүйесі жаңа мүмкіндіктер ашады. Ал Оман тарапы Қазақстанның технологиялық шешімдері мен тәжірибесін өз экономикасының түрлі салаларында қолдана алады.
Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруды экономиканың жаңа өсу факторына айналдыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оманмен осы саладағы ынтымақтастық Қазақстанның технологиялық әлеуетін халықаралық деңгейде дамытуға және жаңа инвестициялық серіктестіктер қалыптастыруға мүмкіндік береді.