Қазақстан мен Қытай жол саласында халықаралық стандарттарды бірлесіп әзірлемек

23.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

21-22 сәуір күндері Астана және Алматы қалаларында «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) мен Қытай Халық Республикасының ғылыми-технологиялық ұйымдары арасында бірқатар жұмыс кездесулері өтті. Келіссөздер барысында ҚХР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары ғылыми-зерттеу институты (RIOH) делегациясымен ISO аясында халықаралық стандарттарды бірлесіп әзірлеу мәселелері талқыланды.

– Тараптар жол саласында халықаралық стандарттарды әзірлеу, заманауи технологияларды енгізу және сапа талаптарын үйлестіру бағытында бірлескен жұмысты күшейтуге уағдаласты. Сонымен қатар автомобиль жолдарын пайдалану ерекшеліктерін ескере отырып, келісілген тәсілдер қалыптастыру мәселесі қарастырылды. Қытайлық серіктестермен жаңа материалдарды сынау, оларды Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімдеу, сондай-ақ инновациялық шешімдерді енгізу тетіктері талқыланды. Атап айтқанда, «Алматы – Шелек – Қорғас» автожолындағы тозуға төзімді GT-8 асфальт қабаты қолданылған тәжірибелік учаскенің нәтижелері қаралып, оның пайдалану көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіліп жатқаны айтылды, – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

Кездесулер барысында жол-құрылыс материалдарын қолдану, инфрақұрылымды тексерудің заманауи әдістері, цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ көпірлердің қызмет ету мерзімін ұзарту мәселелері де көтерілді.

Ынтымақтастық аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін бағалау, халықаралық автотасымалды дамыту, интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу және «жасыл» технологияларды ілгерілету бағыттары басымдық ретінде белгіленген.

Тараптар ғылыми зерттеулер жүргізу, пилоттық жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және бірлескен инфрақұрылымдық бастамаларды дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті.

Айта кетейік, бұған дейін жол инфрақұрылымын сақтау үшін жаңа технологиялар енгізілетіні хабарланды.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью