Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
— Елдерді достық, тату көршілік берік дәстүрі, тығыз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар біріктіреді. Қазақстан-Ресей өзара қарым-қатынасының тұрақты дамуы үшін мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы сенімді диалогтың маңызы зор. Осы тұрғыда алдағы бірлескен жұмыстың бағыт-бағдарын айқындаған өткен жылдың қарашасындағы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары ерекше атап өтілді. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапарын биылғы екіжақты өзара іс-қимылдың аса маңызды кезеңі ретінде қарастырамыз. Бұл сапар саяси диалогты нығайтып, практикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деп есептейміз. Ресей әрдайым біздің жетекші сауда серіктестеріміздің бірі болып келеді. Бұған дейін атап өткенімдей, өткен жылдың қорытындысында өзара сауда көлемі 27 млрд доллардан асты, — деді Ермек Көшербаев.
Оның мәліметінше, екі ел арасында экономикалық өзара байланыстың жоғары деңгейін растайтын бірқатар ірі бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі келіссөздер барысында тараптар энергетика, көлік, логистика, өнеркәсіп, цифрландыру, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл сияқты басым бағыттар бойынша ынтымақтастық келешегін жан-жақты қарастырды. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу болды.
— Басты халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында іс-қимылды одан әрі тығыз үйлестіруге дайын екеніміз расталды. Кездесу қорытындысында Сергей Лавровпен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Ресей Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2027-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бойынша іс-шаралар жоспарына қол қойдық. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін, — деді министр.
Бұған дейін Ермек Көшербаев пен Сергей Лавров келіссөз өткізгенін хабарлаған едік.