Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Баспаөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, басқосуға екі елдің бейінді құрылымдары өкілдері де қатысты.
Оксана Лут Қазақстанға келіссөздер жүргізу мақсатында қатарынан екінші жыл келіп отыр. Бұл көршілес елдер тарапынан өзара сенімнің жоғары екенін және министрліктер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға деген ынтанв көрсетеді.
Кездесу барысында Айдарбек Сапаров қос елдің стратегиялық серіктестігін алға тарта отырып, аграрлық сектор екіжақты ынтымақтастық бағытында маңызды орын алатынын атап өтті. Соңғы бес жылда агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің өзара тауар айналымы тұрақты өсім көрсетіп, 2021 жылғы 2,9 млрд АҚШ долларынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 4,4 млрд АҚШ долларына жетті. Ал биылғы жылдың қаңтар айында сауда көлемі 6,6%-ға артты.
-Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қызу қарқынмен дамып келеді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өсім 15,7%-ды құрады. Биыл қаңтар айында да экспорт көлемі 17,8%-ға артты. Бұл біздің әріптестігіміздің тиімділігінің айқын көрсеткіші. Тағы бір атап өтерлігі тараптар жұмысының өзара үйлесімділігінің және бұған дейін енгізілген шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастаудың нәтижесінде айтарлықтай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Қазіргі уақытта қазақстандық-ресейлік ықпалдастық жөніндегі іс-шаралар жоспары белсенді түрде іске асырылып келеді. Осы ретте ғылыми-техникалық даму және сыртқы сауда бағыттары бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Электрондық фитосанитариялық ілеспе құжаттармен алмасу бағытында ақпараттық жүйелер толық біріктіріліп, Россельхознадзордың «Меркурий» жүйесімен өзара іс-қимыл жолға қойылды, - деді министр.
Оксана Лут та өткен жылы тауар айналымының өскенін атап өтіп, биылғы қаңтар–ақпан айларында да бұл үрдіс сақталғанын атап өтті.
-Осыған байланысты өзара сауда саласын одан әрі дамытуды, оның ішінде қазақстандық өнім экспортын Ресей нарығына кеңейту арқылы арттыру жолын қарастыруымыз қажет. Бұл қосымша пысықтауды қажет етеді. Екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде эпизоотиялық жағдайды, мал шаруашылығы және жемшөп өнімдерін жеткізу мен транзитке қойылатын шектеулерді, ветеринариялық бақылау, вакциналар жеткізу, киік популяциясын мониторингілеу мәселелерін қарастыруды ұсынамын, — деді О. Лут.
Қазақстан Ресейдің ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіргені туралы жаздық.