Қазақстан мен Түркия жалпы құны 9,5 миллиард доллар болатын бірлескен жобаларды іске асырып жатыр

12.05.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс бүгінде жай ғана дипломатиялық қарым-қатынас емес, тамыры терең тарих пен ортақ болашаққа құрылған мызғымас достыққа айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, өзара сенім мен құрметке негізделген 35 жылдық дипломатиялық қарым-қатынас қарқынды түрде жан-жақты дамуда. Кейінгі жылдары екі мемлекет арасындағы стратегиялық ынтымақтастық тың серпін алып, саяси, экономикалық және технологиялық салаларда жемісін беріп келеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында өткен Анталия дипломатиялық форумының «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» панелдік сессиясына сөйлеген сөзінде Түркия Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын айрықша атап өтті.

– Ең алдымен, көреген көшбасшы Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқаратынын айтқым келеді. Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтарлықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түркия басшысы да өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен әңгімелесу барысында Қазақстандағы конституциялық реформаларға қолдау білдіріп, еліміздің халықаралық аренадағы беделіне жоғары баға берген еді. Бұл – бауырластық ниеттің нышаны. 

15 сәуірде Түркия Республикасының Вице-президенті Джевдет Йылмаз жұмыс сапарымен келген еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Джевдет Йылмазды жеке қабылдап, кездесу барысында бауырлас Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктесі екеніне ерекше назар аударды.

– Бауырластығымыз өзара сенім мен құрметке негізделген. Дипломатиялық қатынас орнаған 35 жылға жуық уақыт ішінде біз көптеген биік белесті бағындырдық. Қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Арамызда ешқандай түйткіл жоқ. 14 мамырда Президент Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын өткіземіз. Жаңа келісімдерге қол қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.

Кейінірек ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Түркия Вице-президенті Джевдет Йылмаз екіжақты келіссөздер жүргізіп, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-ші отырысын өткізді.

Түркия – Қазақстанның бес ірі сауда серіктесінің бірі. Қазір елде түрік капиталының қатысуымен 5 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген, бұл көрсеткіш түркиялық бизнес өкілдерінің қазақстандық нарыққа деген жоғары сенімін көрсетеді. 

«Біздің мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоғанның шынайы достығы жақсы дәстүрге және екіжақты қарым-қатынастардың берік іргетасына айналды. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Елдер арасындағы тауар айналымы былтыр 9% артты. Оның ішінде Қазақстан тауарларының экспорт көлемі 17,7%-дан астам өсіп, $3,9 млрд-қа жетті. Қазақстан Үкіметі сауданы әртараптандыруға, оны шикізаттан қосылған құны жоғары өнімге ауыстыруға бағытталған бірлескен жұмыс жүргізуге мүдделі», - деген еді Премьер-министр Олжас Бектенов. 

Бүгінде елде жалпы құны шамамен $9,5 млрд болатын 170-тен аса бірлескен жоба іске асырылып жатыр. Бұл шаралар өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге шығаруда.

«Түркия мен Қазақстан – тек дос және бауырлас мемлекеттер ғана емес, сонымен бірге ортақ тарих пен мәдениет байланыстыратын стратегиялық серіктестер. Біздің ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейіне қол жеткізуде президенттеріміз – Режеп Тайып Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешуші әрекеттері мен ортақ көзқарасы үлкен рөл атқарды. Үкіметаралық комиссияның бүгінгі отырысын біз алдағы уақыттардағы сауда-экономикалық қатынастарымыздың Жол картасын қалыптастыратын стратегиялық консультациялардың негізі ретінде қарастырамыз», - деп атап өтті Түркия Вице-президенті Джевдет Йылмаз.

Сонымен қатар екі ел арасындағы ынтымақтастықта логистика саласы да ерекше маңызға ие. Былтыр Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 млн тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 35%-ға артқан. 

Ал Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі 4 млн тоннадан асты. Екі елге ортақ мүдде – Орта дәлізді дамыту және осы бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, «тар» учаскелерді жою, порт және терминал қуатын кеңейту, цифрлық шешім енгізіп, тарифтік саясатты үйлестіру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл бағыт бойынша жүк ағыны 7 жылда 5 есе өсіп, жеткізу мерзімі 13 күнге дейін қысқарды.

Сонымен қатар, энергетика саласындағы «Баку – Тбилиси – Джейхан» құбырының стратегиялық маңызы Қазақстан мұнайыын әлемдік нарыққа шығаруда басты рөл атқарады.

Ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі цифрландыру және жасанды интеллект салаларына қатысты. Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде Қазақстан мен Түркия өзге елдермен бірлесіп Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес пен CubeSat-12u жерсерігін әзірлеу бағытында бірлескен жұмыс жүргізуде. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын қарқынды енгізу жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударып отыр. Жақында Астанада Орталық Азиядағы екі ірі суперкомпьютерлік кластер іске қосылып, Alem.ai халықаралық ЖИ орталығы ашылды. Сонымен қатар инвесторлар мен серіктестерге инфрақұрылым және арнайы салық жеңілдігін ұсынатын «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы жүзеге асырылуда.  

15 мамыр күні Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өтеді. Аталған жиында да «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбы талқыланады.

Бұдан бөлек денсаулық сақтау саласында инвестициялық ынтымақтастық, ақпараттық технология және академиялық тәжірибе алмасу негізгі бағыттар ретінде айқындалды. Түрік инвесторлары Қазақстанда жаңа ауруханалар салу, онкологиялық инфрақұрылым, университет клиникасын дамыту және фармацевтикалық өнім өндіру бойынша жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестік тек екі елдің мүддесін ғана емес, бүкіл түркі әлемінің тұтастығы мен өркендеуін көздейді. Үкіметаралық комиссия отырыстарында қабылданған шешімдер мен қол қойылған келісімдер Астана мен Анкара арасындағы алтын көпірдің жыл өткен сайын нығайып келе жатқанының дәлелі. Бұл ынтымақтастық – ортақ тарихқа деген құрмет пен жарқын болашаққа деген нық сенімнің жемісі.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью