Zakon.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалы бағыттары талқыланды.
"Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жаңа кезеңге қадам басты. Өткен жылы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы байланыстар стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Бұл саяси және экономикалық ынтымақтастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты да одан әрі тереңдетуге мол мүмкіндік береді. Біз Вьетнамдағы мәдени және креативті индустриялардың дамуын үлкен қызығушылықпен бақылап отырмыз. Осы орайда кинематография, орындаушылық өнер мен мәдени туризмнен бастап, мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі қолөнер және заманауи дизайн салаларына дейінгі бірқатар бағыт бойынша өзара ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Бұл салалардағы тәжірибе алмасу екіжақты байланыстарымызға тың серпін беретініне сенімдімін", – деді Аида Балаева.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Тараптар дәстүрлі қолөнермен, жергілікті салт-дәстүрлермен және ұлттық тағамдармен танысу, шеберлік сабақтары мен шығармашылық бағдарламаларға қатысу арқылы саяхатшыларды елдің мәдени ортасына етене араластыруды көздейтін креативті туризм саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.
Сонымен қатар Аида Балаева кинематография саласындағы байланысты жандандыруды ұсынды. Атап айтқанда, екі елдің кино апталықтарын өткізу, Қазақстан мен Вьетнам кинематографистерінің фестивальдерге қатысу аясын кеңейту, екі мемлекеттің аумағында кино түсірілімдерін ұйымдастыру және бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Қазақстан мен Вьетнамның мәдени мұра нысандарын, тарихи қалаларын, музейлерін, қолөнер орталықтарын, фестивальдері мен заманауи мәдени кеңістіктерін қамтитын кешенді туристік бағыттарды бірлесіп әзірлеу де перспективалы бастамалардың бірі ретінде аталды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге мүдделі екенін білдірді.