Қазақстан метеостансасының тарихы Сыр өңірінен бастау алады

31.01.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

«Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы гидрометеорологиялық мониторинг бөлімінің бастығы Индира Байжанованың айтуынша, қазіргі күні аймақта 9 метеорологиялық, 6 автоматты метеорологиялық және 1 аэрологиялық станса орналасқан.

Соның ішінде ғасырдан астам бақылау тарихы бар 3 станса бар. Олар — Арал, Қазалы және Жосалы метеостансалары. Қазалы метеостансасының жұмысында әр жылдары үзіліс болып тұрды. Тек 1881 жылдан бері тоқтаусыз қызмет көрсетіп келеді. 

Фото: Қазгидромет Қазалы метеостансасы

— Станса бастапқыда Форт I деп аталды. Кейін, шамамен 1881 жылы Қазалы деп атала бастады. Ол II санат бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Третьяков жауын-шашын өлшеуіші 1953 жылы, ал ауыр тақтасы бар флюгер 1958 жылдың сәуірінде орнатылды. Алғашында Түркістан әскери округі әскери-топографиялық бөлімінің қарамағында болды және онда әскери қызметшілер қызмет көрсетті. Алайда метеоалаңның орналасқан жері туралы мәлімет сақталмаған, — деді ол.

Фото: Қазгидромет Қазалы метеостансасы

1881 жылы станса қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі 3 сыныптық қалалық училищенің ауласында болды.

1884 жылы қаланың солтүстік-батыс шетінде, Сырдария өзенінен солтүстікке қарай 340 метр жерде орналасты. Соңғы рет 1949 жылдың 21 мамырында шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерге, яғни қаланың оңтүстік шетіне ауыстырылды.

Фото: Қазгидромет Қазалы метеостансасы

— Қазалы қаласы Сырдария шөлді аңғарының жазық-сазды шөлінде орналасқан. Теңіз бен шығанақтың, сондай-ақ үлкен атырауға айналған көптеген тармағы және ескі арнасы бар үлкен Сырдария өзенінің жақындығы жерасты суы деңгейінің едәуір мөлшерде көтерілуіне және ауытқуына әсер етеді. Көктемде, су тасқыны кезінде өзен көп жағдайда осы маңның үлкен аумағын толтырады. Төменгі аумақта су ұзақ уақыт бойы тоқтап қалады. Бұл қаладан батысқа және оңтүстікке қарай, яғни өзен атырауының көп кеңістігінің батпақтануын туғызады. Қазалы қаласынан батысқа қарай 60-65 шақырым жерде Арал теңізі, ал оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде, Сырдария өзенінің оң жағалауындағы ойпатты жазықта Бозкөл шығанағы орналасқан. Жерасты суы 1 метр тереңдікте жатыр, — деді Индира Байжанова.

Фото: Қазгидромет Қазалы метеостансасы

Еліміздегі ең көне метеобақылау стансасын 1950 жылы Касаткин, 1954-1961 жылдар аралығында Моисеев, 1961-1964 жылдары Г.С. Шабалин, 1964-1976 жылдарды В.Г. Донсков басқарды.

Елiмiз тәуелсiздiк алған соң жетекшілік қызмет 1994-2008 жылдары Құттыбай Тарғыновтың, 2008-2011 жылдары Қазихан Сердалиевтің қолында болды. Ал бүгінде ұжымға Сәуле Оспанова жетекшілік жасап келеді.

Фото: Қазгидромет Қазалы метеостансасы

Ұжым 2005 жылы үздік қызметі үшін Швейцарияның Женева қаласындағы Дүниежүзілік метеорология ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Фото: Қазгидромет Қазалы метеостансасы Фото: Қазгидромет Қазалы метеостансасы

Бұған дейін Kazіnform тілшісі Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі Құлалы аралында орналасқан гидрометеорология стансасында 29 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан станция бастығы Петр Лупенковпен сұхбаттасқан еді.

Аралда жалғыз тұратын метеоролог сұхбатта жұмысы мен күнделікті тіршілігі туралы айтты.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью