Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Секторды дамытудың негізгі бағыты – шикізатқа тәуелділіктен арылып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу. ҚР Энергитка министрлігінің мәліметіне қарағанда, кейінгі жылдары салада тұрақты өсім байқалды: мұнай-газ химиясы өнімдерінің көлемі 2023 жылы 358 мың тонна болса, 2025 жылы 619 мың тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 1 220 мың тоннаға жетеді деп жоспарланған.
Бұл өсімнің негізін ірі инвестициялық жобалар құрайды. 2022 жылы Атырауда полипропилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені KPI іске қосылды. Оның өндіріс көлемі 2025 жылы 375 мың тоннаға жеткен.
Темірлан Үркімбаевтың айтуынша, ел тарихындағы ең ірі жобалардың бірі – жылына 1,250 млн тонна полиэтилен шығаратын «Полиэтилен» зауытының құрылысы белсенді жүріп жатыр. Аталған зауытты іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Сонымен қатар Павлодар облысында алкилат өндіретін зауыт салынып жатыр. Бұдан бөлек, карбамид (880 мың тонна) және бутадиен (340 мың тонна) өндіру жобалары да қатар жүзеге асырылып жатыр. Мұнай-газ химиясын дамытудың 2030 жылға дейінгі Жол картасы аясында негізгі төрт ірі жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 12 млрд АҚШ доллары. Бұл шамамен 2,4 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Министрлік мұнай-газ химиясы саласындағы заңнамалық реттеуді күшейтуге және жергілікті қамтуды дамытуға ерекше назар аударып отыр. Қазіргі уақытта «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл заң кәсіпорындарға шикізат базасына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жаңа инвестициялар тартуға және саланың тұрақты дамуын қолдауға бағытталған.
Сондай-ақ, отандық компанияларды ірі жобаларға тарту және халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеу үшін арнайы Жұмыс тобы құрылды. Бұл топ Испаниялық Tecnicas Reunidas және Италиялық Maire Tecnimont сияқты халықаралық EPC-мердігерлермен ынтымақтастықты үйлестіріп, жобаларды тиімді жүзеге асыруға жағдай жасайды.
Осы ынтымақтастық аясында кадрларды даярлау бағдарламалары іске қосылды. 2025 жылдың шілде айынан бастап 35 қазақстандық түлек Испанияда оқып жатыр. Сонымен қатар, Maire Tecnimont компаниясымен серіктестік негізінде Қазақстанда ТМД мен Кавказ елдеріне қызмет көрсететін өңірлік инженерлік-өнеркәсіптік хаб құрылып жатыр.
Бұл бастамалар елде тұрақты инженерлік кадрлық әлеует қалыптастыруға және мұнай-газ химиясы саласының технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мұнай-газ химиясы туралы заң жобасы қашан Парламентке енгізілетінін айтты.