Қазақстан OpenАІ Еdu жобасына қосылды

23.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Қазақстан OpenAI компаниясының жаһандық бастамасына қосылды. Бұл серіктестік еліміздің білім беру саясатын дамытудағы стратегиялық қадам.

Жасанды интеллектке негізделген жоба несімен тиімді? Оқытушыларға қандай мүмкіндік ұсынады?

Қазақстан OpenAI компаниясының Edu for Countries жаһандық бастамасына қосылған алғашқы елдердің қатарында. Бұл тізімде тағы Эстония, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания мен Грекия бар. Бағдарлама аясында елімізде жасанды интеллектке негізделген ChatGPT Edu ұлттық білім беру жүйесіне енгізіле бастайды. Бұл Қазақстанның Орталық Азияда аталмыш жобаға қосылған алғашқы мемлекет атануына мүмкіндік берді. Жоба жасанды интеллекттің мұғалімді алмастырмай, керісінше оның жұмысын жеңілдетіп, оқыту сапасын арттыруға бағытталған.

Жаслан Мәдиев, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Қазақстанның Edu for Countries алғашқы халықаралық тобына қосылуы Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында жүзеге асуда. Бұл жасанды интеллектіні негізгі салаларға енгізудегі жүйелі тәсілді көрсетеді. Бағдарлама ұлттық білім беру стандарттарын, қауіпсіздік талаптарын және тең қолжетімділік қағидатын ескере отырып іске асырылады.

Бағдарлама аясында Қазақстанның білім беру ұйымдарына 165 мың лицензия тегін беріледі. Оның басым бөлігі мектептер мен колледждердің мұғалімдеріне бөлінеді. 60 мыңнан астам лицензия жоғары оқу орындарының оқытушыларына бағытталады. Ал 2 мыңы Astana Hub экожүйесінің қатысушыларына беріледі. Бағдарлама педагогтерге оқу материалдарын, тапсырмалар мен тесттерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жедел әзірлеуге мүмкіндік береді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- ChatGPT Edu – оқытушы мен зерттеуші мүмкіндіктерін алмастырмайды, тиісінше күшейтеді әрі ол университеттерге арналған кешенді шешім. Білім беру мен ғылымда ЖИ оқу материалдарын дайындауды жеделдетуге, студенттермен кері байланыс сапасын арттыруға және зерттеу қызметі үшін жаңа мүмкіндік ашуға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстанда бәсекеге қабілетті, AI-сауатты академиялық орта қалыптастырудың маңызды элементі. Қазақстан білім беруді автоматтандыруға емес, адами әлеуетті кеңейтуге басымдық береді. Біз жасанды интеллектіні тек пайдаланатын емес, оны жасайтын мамандарды даярлаймыз.

Жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарды тексеру кезінде кері байланыс орнату және  бағалау критерийлерін қалыптастыруда пайдаланылуы мүмкін. Ал жұмысты бағалауға қатысты шешімдер мұғалімнің құзіретінде қала береді. Оқу-ағарту министрлігінде бұл бастаманың басты мақсаты - адам әлеуетін дамыту және болашақтың сын-қатерлеріне дайын білім беру ортасын қалыптастыру екенін атап өтті.

Авторлары: Нұрбике Жігер, Тамерлан Ким

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью