Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Инфляцияның баяулау үрдісі алтыншы ай қатарынан сақталып отыр: былтырғы қыркүйектегі 12,9%-дан 2026 жылғы наурыз айының қорытындысы бойынша 11,0%-ға дейін төмендеді. Реттелетін қызметтер саласында бұл нәтиже табиғи монополия субъектілерінің операциялық шығындарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (31 атау) өндірушілер үшін бағаны тұрақтандыру мақсатында электр энергиясы мен теміржол тасымалдары тарифтерін 70%-ға дейін төмендету шаралары қарастырылған.
Наурыз айының қорытындысы бойынша жылдық азық-түлік инфляциясы 11,7%-ды құрап, 1 пайыздық тармаққа төмендеді. Сәуірдің бірінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсім индексі нөлдік деңгейде сақталды (2025 жылғы сәйкес кезеңде – 1,6%). Қияр (-9,7%), пияз (-2,3%), қырыққабат (-1,7%) бағасының төмендеу үрдісі жалғасуда. Сонымен қатар балық (-0,7%), қызанақ (-0,6%), ұн және күнбағыс майы (-0,2%) және өзге де азық-түлік тауарлары арзандады.
Бағаны одан әрі тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Мал шаруашылығы одағымен меморандумға қол қою мәселесін пысықтауда. Құжат жыл соңына дейін ет өнімдерінің белгілі бір тобына шекті бағаларды белгілеу есебінен ішкі нарықты сауда желілері арқылы қамтамасыз етуді көздейді.
Маусымаралық кезеңде ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық делегацияның Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары ұйымдастырылды. Делегация құрамына Сауда және интеграция министрлігінің, облыс әкімдіктерінің, сондай-ақ ірі сауда желілерінің өкілдері кірді.
Сапар барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіне кіретін жеміс-көкөніс өнімдерін өндіретін және экспорттайтын жетекші өзбек кәсіпорындарымен екіжақты келіссөздер жүргізіліп, Қазақстанның ішкі нарығына жеткізілімдерді ұлғайту мәселелеріне баса назар аударылды. Сонымен қатар қазақстандық делегация Сурхандария облысының бірқатар ауданын аралап, өнімді өсіру, жинау, буып-түю және сақтау жұмысымен танысты. Өнім сапасының жоғары екені айтылып, оны Қазақстан стандарттарына сәйкестендіру үшін қосымша калибрлеу қажеттігі көрсетілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша логистиканы ескере отырып, Қазақстанның көтерме нарығындағы бағадан төмен бағамен жаңа өнімнен 1,4 мың тонна сәбіз және 400 тонна қырыққабатты пилоттық жеткізу жөнінде алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. Өнім сапасын бақылауды өзбек тарапы жүзеге асырады, ал жеткізу қазақстандық тасымалдаушының қатысуымен «жасыл дәліз» тетігі арқылы ұйымдастырылады. Сонымен қатар тараптар екіжақты тауар айналымын одан әрі кеңейту перспективаларын, оның ішінде импортқа қажетті тауарлар тізбесін қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта өңірлік тұрақтандыру қорларында өткен жылғы көкөніс өнімдерінің жалпы көлемі 29,5 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар жалпы көлемі 13,1 мың тонна ерте пісетін көкөністер бойынша келісімшарттар жасалуда, оның ішінде 10,8 мың тоннасы Түркістан облысы фермерлерінің өнімі, бұл ішкі сұранысты отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі үш есеге төмендегені туралы жаздық.