Қазақстан перзентханаларын тексеру: заң бұзушылықтар анықталып, 81 ұйғарым берілді

09.09.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Қазақстанда перзентханалар мен перинаталдық орталықтарда тексеру жүргізілді. Сарапшылар медициналық көмектің қаншалықты қауіпсіз ұйымдастырылғанын бағамдады. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары қанша заңбұзушылықты анықтағанын Tengri Health хабарлайды.

Перзентханаларда не тексерілді?

Тексерулер басталғаны туралы Денсаулық сақтау министрлігі шілдеде хабарлаған болатын. Сол кезде министр инфекция жағдайларын тергеудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауды және әрбір осындай жағдайдың туындау себептеріне объективті баға беруді тапсырды.

Осы уақыт ішінде сарапшылар Қазақстанның түрлі өңіріндегі босануға көмек көрсететін 84 ұйымның 82-сін тексерді, оның ішінде 35 перинаталдық орталық пен 47 перзентхана бөлімшесі бар.

Олар медициналық ұйымдарда зарарсыздандыру мен дезинфекциялаудың қалай жүргізілетінін, желдету және сумен жабдықтау жүйелерінің жұмыс істеуін, инфекциялардың қаншалықты дер кезінде анықталатынын және инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысы қалай ұйымдастырылғанын бағалады.

"Сондай-ақ зертханалық зерттеулер жүргізілді, бұл тек құжаттаманы ғана емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларын да бағалауға мүмкіндік берді", - делінген Денсаулық сақтау министрлігі хабарламасында.

Қандай және қанша заңбұзушылық анықталды?

Тексеру қорытындысы бойынша, мамандар 81 санитарлық нұсқама берді. 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық-зарарсыздандыру режимінің бұзылуы анықталған.

Анықтама: Дезинфекциялық-зарарсыздандыру режимі - бұл инфекцияның бір емделушіден екіншісіне берілуіне жол бермеу үшін медициналық ұйымдағы үй-жайларды, құрал-саймандар мен жабдықтарды залалсыздандыру ережелері.

"Тәуекелдерді дереу жоюды талап ететін деректер бойынша нақты әрекет ету шаралары қабылданды", - деп нақтылады министрліктегілер.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына медициналық ұйымдардың анықталған заңбұзушылықтарды қалай жойып жатқанын ай сайын тексеріп, олардың санитарлық-техникалық жағдайын ретке келтіруді тапсырды.

"Біздің міндетіміз - жай ғана заңбұзушылықты тіркеп, нұсқама беру емес. Бір айдан кейін қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер ескерту жасалса, ол міндетті түрде жойылуы тиіс", - деді ол.

Келесі кезекте балалар ауруханалары, одан кейін емханалар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін басқа да ұйымдар тексеріледі.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі инфекциялық бақылау қызметтерін кадрлармен қамтамасыз етуді күшейтуді, инфекциялардың алдын алу бағдарламаларын жаңартуды және медициналық ұйым басшыларының жеке жауапкершілігін арттыруды тапсырды.

Ауруханаішілік инфекциялар қаншалықты жиі анықталады?

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылы Қазақстанда медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекцияларды тіркеу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1,41 есе өскенін хабарлады. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі іріңді-септикалық инфекциялар жиі анықталатын босануға көмек көрсету ұйымдарына тиесілі.

Денсаулық сақтау министрлігі мұндай инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтетінін мәлімдеді. Соның ішінде, ішкі инфекциялық аудит меншік нысанына қарамастан барлық медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау жүйесінің міндетті бөлігіне айналады.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Перзентхана

тексеру

Қазақстан

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью