Қазақстан президенті: Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет

16.10.2026

Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Мемлекет басшысы Қазақстанның биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін айтты. Соның бірі – киік санының көбеюі.

"Мұз дәуірін өткерген ежелгі жануардың даламыздағы экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы орны ерекше. Бүгінде киіктің әлемдік популяциясының 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекен етеді. Егер елімізде 2003 жылы небәрі 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жетті", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қар барысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесін де атап өтті. Оның айтуынша, ілбіс мекендейтін аумақтың 70 пайызға жуығы еліміздегі қорғалатын аумақтарға тиесілі.

"Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған ілбістің популяциясы қар барысын қорғау және жүйелі ғылыми мониторинг шараларының нәтижесінде шамамен 190-ға дейін көбейді. Бұған билік органдарының, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің ұзақ жылдар бойы табанды әрі аянбай атқарған жұмысының нәтижесінде қол жеткізілді", – деді Мемлекет басшысы.

Президент Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясы мен оның Президентіне, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына, өзге де халықаралық серіктестер мен үкіметтік емес ұйымдарға алғыс айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, биыл шілдеде жетпіс жыл ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілген. Бұл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды.

Сонымен қатар чех, неміс және мажар әріптестермен бірлесіп, қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру жұмыстары қолға алынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің бірегей биоалуантүрлілігін қорғау мәселесіне де ерекше назар аударды.

"Таяуда Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырдым. Бұл нәзік экожүйеге орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әсіресе, Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған", – деді Президент.

Ол Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енгізілгенін еске салды.

"Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью