Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Kazinform тілшілері алма мен апельсин бағасын дәл салыстыру үшін базар мен ірі супермаркет ішін аралады. Баға жемістің сұрпына, қай елден әкелінгеніне байланысты өзгеріп тұр. Қазіргі кезде баға базарларда төмен.
Апельсин бағасы
Апельсин бағасы Шымкент қаласында төмен болып тұр. Мұнда цитрустың келісі 700 – 1 200 теңге аралығында. Одан әрі Қостанай қаласы жалғастырады. Апельсиннің келісі – 720 – 1 100 теңге. Ақтаулықтар болса келісін 800 теңгеге де сатып ала алады. Мұнда апельсинді 750 – 1 400 теңгеге саудалап жатыр.
Одан әрі Семей, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда мен Петропавл қалалары тұр. Келісі – 900 теңге. Бұл қалаларда кейде апельсин бағасы 1 150 – 1 500 теңгеге дейін жетеді. «С» дәруменіне бай жеміс Мысыр, Түркия мен Қытайдан тасымалданады.
Алматы, Атырау, Ақтөбе мен Оралда цитрустың келісі 1 000 теңгеден басталады. Соның ішінде оңтүстік астана мен Оралдағы баға 1 750 және 1 800 теңге болып тұр. Мұндай бағаға ерекше сұрпын, соның ішінде қызыл апельсинді сатып алуға болады.
Өскемен, Көкшетау мен Тараз қалаларында баға 1 100 теңгеден басталады. Ал жақын маңда орналасқан Түркістан, Талдықорған мен Жезқазған қалаларында баға 1 200 теңге және одан жоғары. Қазіргі кезде цитрус жемістің бағасы еліміздің астанасында жоғары болып тұр. Астана қаласында келісі – 1 400 – 1 600 теңге.
Инфографика: KazinformАлма бағасы
Елімізде апельсинге қарағанда алма сұрпы көп. Соған сай бағасы да өзгеріп отырады. Мәселен салтанат, голден, фуджи секілді түрлері бар.
Апельсин секілді алма бағасы да Шымкент қаласында төмен. Келісі 400 теңгеден басталып 1 280 теңгеге дейін жетеді. Одан әрі Түркістан қаласы тұр. Мұнда баға 550 – 800 теңге аралығында.
Қостанай, Семей мен Астана қалаларында баға 600 теңгеден басталады. Еліміздің астанасында алманың кейбір сұрпының келісі 1 500 теңгеге сатылып жатыр. Ал Павлодар, Атырау мен Өскеменде баға сәл жоғары. Келісі шамамен 700 теңге болады.
Ақтөбе, Петропавл, Көкшетау мен Ақтау қаласында алманың ең арзаны 750 теңге болып тұр. Ескере кетерлігі, алма бағасы үнемі өзгеріп отырады. Баға көбіне тасымалдау кезінде жаңарып тұрады.
Тараз, Талдықорған мен Қарағанды қалаларында алманың келісі 800 теңгеден басталады. Кейбір сұрпының құны 1 500 теңгеге дейін жетеді.
Алматы мен Қызылорда қалаларында темірге бай жеміс бағасы 900 теңге болса, Орал мен Жезқазғанда келісі 1 000 теңгеден басталады.
Айта кетейік, бұған дейін қияр мен қызанақ бағасы туралы жазылды. Сонымен бірге көлік жуу қызметінің құнын білдік.