Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Фото: ҰОК
Аса ауыр салмақтағы (+100 келі) белдесулер отандық дзюдо жанкүйерлері үшін ерекше мақтаныш сыйлады. Бұл санаттың бас жүлдесі үшін өткен ақтық сында қос отандасымыз – Ғалымжан Қырықбай мен Жантілек Нұртілепұлы өзара шеберлік байқасты.
Тартысты өткен финалдық кездесуде Ғалымжан Қырықбай айқын басымдық танытып, турнирдің жеңімпазы атанды. Ал Жантілек Нұртілепұлы Еуропа кубогының күміс жүлдесін місе тұтты.
Өкінішке қарай, әйелдер бәсекесінде ел намысын қорғаған Тасним Абдуалиге (48 келі) жүлдегерлер қатарынан көрінудің сәті түспеді. Кіші финалда, яғни қола медаль үшін өткен белдесуде отандасымыз Германия өкілі Хелен Хабибке есе жіберіп, жарысты 5-орынмен аяқтады.
Естеріңізге сала кетейік, жарыстың алғашқы күндері қазақ балуандары үшін табысты болған еді. 60 келі салмақ дәрежесінде Шерзод Давлатов қарсыластарының бәрінен басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Осы салмақта өнер көрсеткен тағы бір балуанымыз Нұраділ Әлжан турнирдің қола жүлдесін иеленді.