Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков Шотландия чемпионатында «Хартс» клубының «Дандиге» қарсы матчында жеңіске жетуіне үлес қосты. Ол ойынға 86-минутта алаңға шықты. Сол сәтте есеп 1:0 болатын, матч соңына дейін «Хартс» басымдығын сақтап қалды.
Шотландияға ауысқаннан бері Чесноков Премьер-лига мен Кубок аясында 7 матч өткізіп, 1 гол соққан. Қазіргі таңда «Хартс» турнир кестесінде 31 ойыннан кейін 66 ұпаймен бірінші орында тұр. «Селтиктен» басымдығы – 5 ұпай, бірақ қарсыластың бір ойыны кем. Маусым аяқталғанға дейін тағы 7 тур бар.
Келесі ойынын «Хартс» 4 сәуір күні сырт алаңда турнир кестесінің соңында тұрған «Ливингстонға» қарсы өткізеді. Ал келесі аптада Чесноков Астанада өтетін FIFA Series турнирі аясында Қазақстан құрамасына қосылады.