Қазақстан қысқы Олимпиада тарихында екінші рет үздік көрсеткішке қол жеткізді

22.02.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Қазақстан құрамасы Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын бір алтын медальмен аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ел қоржынына жалғыз жүлдені мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салып, Олимпиадада топ жарды. Ол - осы спорт түрінде Олимпиада шыңына шыққан тұңғыш қазақстандық атанды. Бұған дейінгі ең үздік нәтиже 2014 жылы Сочиде Денис Тен еншілеген қола медаль еді.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері алғаш рет қысқы Олимпиадада алтын медаль жеңіп алды. Осылайша Қазақстан қысқы Олимпиада тарихында екінші рет үздік көрсеткішке қол жеткізді.

Медаль кестесінде Қазақстан 19-орынға жайғасты. Жалпы есепте Норвегия көш бастады. Екінші орынды АҚШ иеленсе, үздік үштікті Нидерланд құрамасы түйіндеді.

1994 жылы қазақстандық спортшылар бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алып, жалпы есепте 12-орын алған еді. Төрт жылдан кейін құраманың еншісінде екі қола болды. 2002 және 2006 жылдары Қазақстан жүлдесіз қалды. 2010 жылы бір күміс, 2014 жылы бір қола медальға қол жеткізді.

2018 жылы да Қазақстан Олимпиаданы бір қола жүлдемен аяқтады. Ал 2022 жылғы ойындарда құрамамыз медаль ала алмады.

Айта кетейік, тәуелсіздік кезеңінде қысқы Олимпиадада чемпион атанған қазақстандықтар - шаңғышы Владимир Смирнов пен мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью