Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
1996 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынас орнады. 2011 жылы Сербия Республикасының Астанадағы Елшілігі ашылса, Сербия Республикасында ҚР Елшілігі 2019 жылы жұмысын бастады.
Бүгінде екіжақты барыс-келіс толастаған емес. Сербия Республикасының Президенттері Қазақстанға төрт рет келген (үш рет ресми сапармен, бір рет жұмыс сапарымен). Ал Қазақстан тарапынан мемлекет басшылары екі мәрте Белградта болды. Осыдан-ақ байланыстардың берік орнағанын аңғаруға болады.
СІМ жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының аға сарапшысы Валерий Ситенконың айтуынша, біз үшін Балқан түбегіндегі мемлекетпен байланыстың берері көп.
– Ең алдымен, отыз жылдық тарихы бар өзара тиімді екіжақты ынтымақтастық туралы айтар едім. Биыл желтоқсан айында елдер арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан мемлекет басшыларының Сербияға екі сапары және Сербия президентінің Қазақстанға төрт сапары жүзеге асты. Ал Александр Вучичтің алдағы сапары — бесінші сапар болмақ. Ынтымақтастық экономика, саясат, мәдениет және білім беру салаларының барлығында табысты дамып келеді.
Сербия – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқандағы сенімді серіктесі. Менің ойымша, алдағы сапардың басты мақсаты осы ынтымақтастықты дамытуға арналатын секілді. Себебі Астана Белградпен әріптестік арқылы Балқан өңіріндегі рөлін күшейтуге ниеттеніп отыр, – деді сарапшы.
Фото: Ақорда30 жыл ішінде парламентаралық ынтымақтастық та қарқынды дамыды. Сербияның 13-ші шақырылымындағы Халықтық жиынында (Парламентінде) 19 депутаттан тұратын Қазақстанмен достық тобы құрылған. Ал ҚР Парламенті Сенатында «Орталық және Шығыс Еуропа» өңірінің елдерімен ынтымақтастық жөніндегі топ құрылды. Бұған қоса Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасы – Сербия Республикасы» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық тобы бар. Қазір бұл құрылымдар жүйелі жұмыс істеп келеді.
Мысалы, биыл ақпанның басында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сербияның халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі министрі Ненад Поповичпен кездесті.
Келіссөз барысында 2026–2027 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеу мәселесі талқыланып, инвестициялық жобаларды іске асыру жайы айтылғаны есте. Оның ішінде қазақстандық тараптың қатысуымен Белград қаласында көпфункционалды қонақ үй кешенін салу және Астана – Белград бағытындағы тікелей әуе қатынасының ашылуын ерекше атауға болады.
Саясаттанушылар Қазақстан мен Сербияның саяси бағытының ұқсастығын жиі мысалға келтіреді. Көптің пікірінше, екі ел де көпвекторлы саясатты ұстанады әрі кез келген олқылықты дипломатияға сүйене шешуге үйір. Сарапшы Валерий Ситенконың сөзінше, мұндай ұстаным келешек жобалардың сәтті жүруіне бірден-бір кепіл болмақ.
Фото: Kazinform– Стратегиялық мүдделер сәйкес. Тек негізгі айырмашылық — Сербия сыртқы саясатта еуропалық бағытқа басымдық берсе, Қазақстан еуразиялық бағытқа бет бұрған. Алайда бұл екі бағыт бір-бірін толықтырады деп ойлаймын.
Олай дейтініміз, қос тарап ең алдымен бейбітшілікті сақтау, мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу және даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге мүдделі. Әлемде қақтығыс қаупі артып отырған шақта аталған қағидаттар ерекше маңызға ие. Әлемдік күш орталықтарының келісімге келуі қиындаған сайын, орта державалардың рөлі арта түседі, – деп түсіндірді спикер.
Осы тұрғыда Қазақстан мен Сербия өзара ынтымақтастықтың тиімді екенін күні бұрын нақтылаған. Бір-бірінің бастамаларын жетекші халықаралық ұйымдар аясында қолдап келеді. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы секілді құрылымдарда бірлік көрсете алды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықҚазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық саладағы серпін жоғары. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі $107,7 млн құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,6%-ға өсті. Жалпы өткен жылы еларалық импорт (-6,1%) көлемі қысқарып, экспорт (+80,4%) әлеуеті артқанын көрдік. Тауар түрлерін әртараптандыру да жүйелі жүріп жатыр.
Инфографика: KazinformӨткен жылғы Сербияға экспорт көлемі 28,6 млн долларға жетті. Ең көп тасымалданған тауарлардың қатарында минералды тыңайтқыш (20,3 млн доллар), қап (2,3 млн доллар), мақта (2,16 млн доллар), пропилен полимері (1,94 млн доллар), құрылғыларға арналған бөлшектер (319,6 мың доллар) мен табиғи газ (317,7 мың доллар) бар.
Ал жыл ішінде Сербия Қазақстанға 79,1 млн доллардың тауарын саудалаған. 18,3 млн долларға – қағаз, картон және мақта, 12,1 млн долларға – алюминий плиталар мен табақтар, 9,32 млн долларға – дәрі-дәрмек, 3,4 млн долларға – темекі өнімдері, 2,31 млн долларға – күнбағыс тұқымын тасымалдапты.
Инфографика: KazinformҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің жетекші сарапшысы Али Мұхамбеттің пікірінше, алдағы президенттер кездесуінде көлік-логистикалық маршруттарды дамыту жайы айтылады. Өйткені Орталық Азия мен Еуропа нарығы арасындағы көлік қатынасын жолға қою мен жүк тасымалын әртараптандыру үшін Сербияның әлеуетін пайдалану қажет.
– Еуропаға экспорттық маршруттарды әртараптандыруда, әсіресе Балқан өңірі арқылы өтетін баламалы көлік дәліздерін дамыту контекстінде Сербияның маңызы өте үлкен. Келіссөздер сәтті өтсе, елдің географиялық орналасуы мен өңірлік көлік инфрақұрылымы Еуропаға бағытталатын жүк ағынын ұлғайтуға жәрдемдесері сөзсіз. Сонда ғана Орталық және Оңтүстік Еуропа елдеріне жол ашылып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын («Орта дәліз») толық пайдалана аламыз, – деді Али Мұхамбет.
СІМ жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының аға сарапшысы Валерий Ситенконың ойынша, екі елдің ынтымақтастық әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Сондықтан алдағы бизнес-форумда тиімді жобаларды келісу өзекті.
– Александр Вучичтің сапарының алдында екі тараптың бірқатар министрі кездесу өткізді. Онда энергетика, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы секілді салаларды талқылады. Осы бағыттағы жұмыстың бағдаршамы ретінде 2026–2027 жылдарға арналған экономикалық жобалардың жол картасын әзірлеу ұсынылуда. Ал оны іске асыру тетігі – Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия. Оның төртінші отырысы 2025 жылы Алматы қаласында өтті.
Ал бүгін-ертең өткелі отырған бизнес-форумда осы мәселелер қараусыз қалмайтыны анық. Бұл Қазақстан мен Сербия арасындағы екіжақты қатынастың серпін алуына көмек береді, – деді сарапшы.
Еуропаға балама бағытСарапшылардың алдын ала болжамы бойынша көлік-логистикалық ұсыныстан бөлек ауыл шаруашылығына қатысты жобалар бастау алуы ықтимал.
Мысалы, өткен жылы Еуропалық комиссия қазақстандық балық өнімін ЕуроОдақ елдеріне экспорттауға қойылатын талапты келісті. ЕО тізіліміне көксерке жон еті мен балық өнімін жеткізетін 20 қазақстандық кәсіпорын енгізілген болатын. Оған қоса өткен жылы еліміз Еуропалық Одаққа бал экспорттауға рұқсат алды – отандық 4 ірі бал өндіруші компания өнімін Еуропаға жеткізуге дайын отыр. Бұдан басқа, аквадақылдарды және жылқы еті өнімін ЕО елдері нарығына жеткізу бойынша Еурокомиссиямен жұмыс жүргізілуде.
Бұл нені білдіреді? Демек, кезекті кездесуде ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобалар бастау алады деген сөз. Мұның алғашқы қадамы өткен жылы тамыз айында басталған-тұғын. Ол кезде Қазақстан Сербияға мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімін қайта өңдеуге арналған инвестициялық жобалар ұсынғанын білеміз. Оның ішінде ғылыми-зерттеу жүргізу, нақтырақ айтсақ, селекция мен тұқым шаруашылығы саласының мамандарын даярлау, тұқымдарға далалық сынақтар жүргізу, бірлескен будан құру, биопестицид өндірісін дамыту бар.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен Сербия арасындағы сауданың шамамен 90 пайызы сербтердің Нови-Сад өңіріне тиесілі (жалпы көлемі 813 млн еуро). Биыл ақпан айында Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов аталған қалаға барып, «NS Seme» далалық және көкөніс дақылдары ұлттық институтының басшыларымен кездесті. Мұнда да дәнді, майлы және көкөніс дақылдарының бірлескен гибридтерін әзірлеу бастамасы талқыланған. Алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздерде бастама жобаға айналуы ғажап емес.
Фото: ҚСЗИ– Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналымын арттыру үшін агроөнеркәсіп кешені, энергетика, металлургия, фармацевтика және ІТ салалары таңдалып отыр. Қазақстан сербиялық ауыл шаруашылығы өнімдері мен қайта өңделген тауарларға мүдделі, ал Сербия — қазақстандық энергия тасымалдағыштарға, химия өнімдеріне және шикізатқа қызығушылық танытуда.
Қосымша серпін цифрлық технология мен инновациядағы бірлескен жобалар арқылы көрінетіні белгілі. Бұл екі елде де технопарктер мен стартап-экожүйелер жақсы дамыған, – деп түйіндеді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің жетекші сарапшысы Али Мұхамбет.
Болашақта туризм саласында айтарлықтай алға жылжу байқалатын сыңайлы. Әсіресе, Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті мен Белградтағы Сингидунум университеті арасында серіктестік орнауы мүмкін. Өйткені, бұл бастама өткен жылы Үкіметтің Сербия тарапына ұсынған жобаларының қатарына кірді. Сондай-ақ биыл сәуірде Алматыда өтетін «Туризм және саяхат» атты халықаралық көрмеге сербиялық туркомпаниялар шақырылған.
Али Мұхамбеттің пайымдауынша, Сербияның Еуропалық одаққа интеграциялануы отандық кәсіпкерлерге мүмкіндік ашады. Оның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Сербия заңнамасы ЕО нормаларымен үйлеседі, яғни іскерлік орта еуропалық талаптарына бейімделетін болады. Екіншіден, қазақстандық компанияларға Еуропа нарығына шығу жеңілдейді – Сербия арқылы балама тасымал жолы қалыптаспақ. Үшіншіден, Белград көпвекторлы ұстанымда, осы арқылы ЕО-дан тыс серіктестермен байланысу жеңілдейді.Инвестициялық тұрғыдан алғанда, қос елдің өзара ұсынар жобасы, берер мүмкіндігі мол. Қазақстан – инфрақұрылымы дамыған, жаһандық нарыққа танымал Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Сербия болса, Балқан өңіріндегі индустриялық және логистикалық хаб және Еуропалық одақтан тыс елдермен еркін сауда туралы келісімге ие.
P.S. 2024 жылы Александр Вучич Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға сапарын жоғары бағалап, оны өзінің досы деп атаған еді. Айтуынша, Мемлекет басшысы қазақ-серб қатынасын нығайтуға орасан үлес қосып келеді. Александр Вучичтің бүгінгі сапары осы ұстанымның қаншалықты күшінде екенін көрсетпек.