Қазақстан шетелдіктердің тұрақты тұруына (ТТҚ) рұқсат беретін мамандықтар тізімін үш есе кеңейтуге дайындалып жатыр

24.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Шетел азаматтары елімізде тұрақты тұруға рұқсат алуға үміткер бола алатын кәсіптер тізімін 51-ден 174 мамандыққа дейін, яғни үш еседен аса ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Елімізге білікті мамандарды тарту үшін жағдай жасау"

Тиісті бұйрық жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі.

Құжат "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.

Жоба Қазақстанға білікті мамандарды, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлерді тартуды жеңілдетуге бағытталған.

Министрлік тізімнің экономикаға маңызды салалардағы мамандар тапшылығына байланысты кеңейтілгенін түсіндірді. Оған медицина, инженерия және құрылыс, цифрлық технологиялар, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, білім беру және басқа да салалардағы мамандықтар қосылды.

Министрлік бұл шара елдің жекелеген өңірлерінде әзірге тапшы болып отырған мамандықтар бойынша көбірек маман тартуға көмектеседі деп үміттенеді.

Қазіргі уақытта бұйрық жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Ол бойынша ұсыныстар мен ескертулер 6 қазанға дейін қабылданады.

Еңбекмині мәліметінше, сұранысқа ие мамандық иелеріне Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған. Атап айтқанда, олардан төлем қабілеттілігін растау талап етілмейді.

Бұл ретте шетелдік маман өз мамандығы, білімі, жұмыс тәжірибесі мен біліктілігі белгіленген талаптарға сәйкес келетінін растап, бейінді мемлекеттік органның қолдаухатын ұсынуы тиіс.

"Алтын виза"

Бұған дейін Қазақстанда "Алтын виза" иелері мен олардың отбасы мүшелеріне салық салудың жеке тәртібін белгілеу ұсынылған. Тиісті түзетулер Ұлттық экономика министрлігі дайындаған Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы жобада қамтылды. Құжат 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Жобада "Алтын виза" иелері мен олардың отбасы мүшелерінің табысын жеке санатқа бөлу және оларға салық заңнамасы мен салық есептілігінің қолданыстағы бірқатар нормасын қолданбау ұсынылады. Бұл ретте құжатта оларға жеке салық мөлшерлемесі белгіленбеген.

Еске сала кетейік, "Алтын виза" Қазақстанға шетелдік инвесторлар мен сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды тарту үшін енгізілген болатын. Оның иелеріне елімізде ұзақ тұру мүмкіндігі, сондай-ақ бірқатар салық және өзге де жеңілдіктер қарастырылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью