Қазақстан Сингапур: инвестициялық ынтымақтастық

30.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Қазақстан өткен жылы жүк транзитіне арналған цифрлық жүйені енгізу арқылы шамамен екі миллион АҚШ долларын үнемдеді. 

Бұған кеден мен теміржол қызметтеріне деректерді электронды алмасуға мүмкіндік беріп, транзиттік құжаттарды автоматты түрде рәсімдейтін платформа себеп болған. Соның нәтижесінде делдалдық және логистикалық шығындар азайып, жүк өткізу уақыты айтарлықтай қысқарды. Жоба Сингапурдың жетекші цифрлық компанияларының бірімен жүзеге асырылып отыр. Екі елдің бірлескен бастамалары мұнымен шектелмейді. Былтыр қос мемлекет бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске қосты. 

Цифрлық платформа Қазақстанда екі жыл бұрын іске қосылған. Осы уақыт ішінде жүйе шығындарды азайтып, кедендік рәсімдерді айтарлықтай жеделдетті. Бұған дейін транзиттік құжаттарды рәсімдеу 12 сағатқа дейін созылса, қазір бұл үдеріс небәрі 30 минутта жүзеге асады. Жоба Қытайдан Орталық Азия мен Еуропаға бағытталған негізгі транзиттік бағыттарды қамтиды. Платформа іске қосылғалы бері 200 мыңға жуық операция  орындалды. 

Иеонг Уи Тан, Сингапур технологиялық компаниясының бас директоры:

- Алдағы екі жылда платформаның ауқымын кеңейтіп, жүйелердің өзара жұмысын күшейту көзделіп отыр. Қытайдан Қазақстан арқылы өтетін негізгі дәліздердегі тасымал көлемін арттыру жоспарланған. Бұл транзит ағынын еселеп көбейтуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге «теңіз –теміржол» бағытын да дамытамыз. Жобаға үлкен үміт артып отырмыз.

Қазақстан Сингапурмен бірлескен өзге жобалардан да үлкен нәтиже күтеді. Биыл

елімізде ерітінді кофе өндіретін зауыт іске қосылады. Алғашқы кезеңде кәсіпорын 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтымақ. Жылына бір миллиардқа дейін өнім өндіру

жоспарланған. Оның жартысына жуығы Орталық Азия елдеріне экспортталады.

Тан Ван Чоу, Сингапур тамақ өнеркәсібі компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Өндіріс көлемі артқан сайын жұмыс орындарының саны да көбейе береді. Біз жергілікті мамандарды тартуға және мүмкіндігінше отандық шикізатты пайдалануға басымдық береміз. Ал қажетті ресурс ішкі нарықта болмаған жағдайда импортқа жүгінеміз. Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы мен дамыған теміржол желісі өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстан экспорттық әлеуетін агроөнеркәсіп кешені арқылы да нығайтуды көздеп отыр. Былтыр екі ел астықты терең өңдеуге бағытталған бірлескен жобаны іске қосуға келісті. Өнім Таяу Шығыс, Еуропа, Түркия және Қытай нарықтарына экспортталады. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 250 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. 

Асқар Құттықадам, Қазақстанның Сингапур, Австралия және Жаңа Зеландиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазір біз Сингапурмен тек дәстүрлі салаларда ғана емес, жаңа бағыттар бойынша да бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, биомедицина саласындағы ғылыми және инновациялық жобаларды қолдауға арналған ортақ инвестициялық қор құруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Сингапурдың консалтинг саласындағы тәжірибесі біз үшін аса маңызды. Жалпы екі ел арасындағы инвестициялық әріптестіктің болашағы зор.

Әнел Еділқызы, тілші:

- Кейінгі 20 жылда Сингапурдан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялар көлемі 2,5 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазір елімізде Сингапур капиталының қатысуымен 300- ге жуық бірлескен кәсіпорын бар. Олардың басым бөлігі логистика, өнеркәсіп және құрылыс салаларында жұмыс істейді, сондай-ақ қаржы мен цифрлық технологиялар секторын қамтиды.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью