Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
АСТАНА, 23 мамыр – Sputnik. Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Еркін Оқасов Астанада әлем чемпионаты өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді. Бұл - Қазақстан спорты үшін тарихи оқиға. Әлемдік деңгейдегі ең беделді жарыстардың бірін елімізде өткізу туралы шешімді халықаралық United World Wrestling ұйымы барлық таныстыру, талқылау және дауыс беру кезеңдерінің қорытындысы бойынша қабылдады", - деп жазды Оқасов әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, United World Wrestling ұйымының өкілдері Қазақстанға бірнеше рет арнайы келіп, спорттық инфрақұрылымды және халықаралық жарыстарға дайындығын жан-жақты тексерен. Соның нәтижесінде әлем чемпионатын өткізу құқығы Қазақстанға сеніп тапсырылды.
"Бұл чемпионат - тек ірі спорттық дода ғана емес. Бұл - еліміздегі күрес спортының дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам. Осындай ауқымды жарыстар жас спортшыларға шабыт сыйлап, болашақ чемпиондардың қалыптасуына үлкен әсер етеді. Сонымен қатар, бұл жарыс Қазақстанның спорттық әлеуетін бүкіл әлемге тағы бір мәрте паш етуге мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті Оқасов.
Федерация әлем чемпионатын ең жоғары деңгейде ұйымдастыруға күш салады.
Айта кетері, былтыр осы турнирді Бахрейннің Манама қаласында өткізуге шешім қабылданған болатын. Алайда геосаяси жағдайға байланысты чемпионатты Астанаға ауыстырды. Жарыстар "Барыс Арена" стадионында 24 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді.