Қазақстан студенттері 30 дан астам инновациялық IT жоба ұсынды

21.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

AI-Sana бағдарламасы мен Digital Nauryz тұжырымдамасы аясында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «ENU AI-Sana EXPO — 2.0» атты студенттердің инновациялық IT-жобаларының ІІ республикалық көрмесі өтті. Көрме барысында Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттері денсаулық сақтау, білім беру, инклюзивті орта, мәдениет, экология, социология және робототехника салаларында 30-дан астам цифрлық шешімдерін ұсынды.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Цифрлық үкіметті қолдау орталығы бас директорының бірінші орынбасары Арай Уразова, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ЕҰУ цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова, сондай-ақ ғалымдар мен студенттер қатысты.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Вице-министр Динара Щеглова құттықтау сөзінде өткен жылғы ENU AI-Sana EXPO көрмесіндегі көптеген жобалар үкіметтік және халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, бүгінде табыс әкеліп отырғанын айтты.

— Сіздер жобаларды тек университет үшін ғана емес, экономиканың түрлі салалары үшін жүзеге асырып, олардың дамуына үлес қосып отырсыздар. Бұл — ел болашағына қосқан үлестеріңіз. Бүгін бұл стартап болуы мүмкін, бірақ дәл осылай ірі жобалар пайда болып, кейін трансұлттық компанияларға айналады. Сіздерге инновациялық әрі креативті идеялар тілеймін, — деді ол студенттерге.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

— Мемлекет басшысының стратегиялық мақсаттарының бірі — Қазақстанды цифрлық трансформациялау. Оны жүзеге асыру жоғары білікті мамандарсыз мүмкін емес, ал оларды университеттер дайындайды. Осыған байланысты жастардың жасанды интеллект технологияларына қызығушылығын арттыру ерекше маңызды. Бұл көрме білім беру саласындағы цифрлық шешімдерді дамытуға және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған, — деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Көрмеде Еуразия ұлттық университеті, Тұран-Астана университеті, М.Қозыбаев атындағы СҚУ және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті студенттерінің жобалары ұсынылды.

Көрме қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік жобаларды анықтап, олардың авторларын дипломмен және Lenovo және Platonus компанияларының бағалы сыйлықтарымен марапаттады.

Үздік жобалардың бірі — ЕҰУ студенттері Арман Ляйлиев пен Жания Жұмал әзірлеген жоба болды. Олар компьютерлік көру технологиясы арқылы қоқыс ағынындағы пластик заттарды анықтайтын жүйе жасап шығарды. Модель камерадан алынған бейнелерді талдап, нақты уақыт режимінде пластиктің бар-жоғын анықтайды және RIC жүйесі бойынша сұрыптауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Ернұр Жолаушының жасанды интеллект негізінде қазақ тіліндегі қолжазба мәтінді тану жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Автордың айтуынша, жоба аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі қолжазбаларды жоғары дәлдікпен танитын веб-сервис әзірленген.

Бірінші орын алған жобалар:

«Қоқыстан пластикті анықтайтын Luban робот-манипуляторы» — Арман Ляйлиев, Жания Жұмал;

«Көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған навигациялық көмекші» — Аружан Тәжібай;

«SUNKAR AI» — құрылғылар мен дрондарды дәл нысана анықтау жүйесіне айналдыратын платформа — Болат Абдулазиз;

«RUNA Sozdik AI» — Аманжол Аскаров, Дана Бақытқан.

Екінші орын алған жобалар:

«Қолжетімсіз жерлерде өндірістік дәнекерлеу» — Асхат Әбдімуталип, Олжас Еркінұлы;

«Өсімдік өскіндерінің сапасын ақылды талдау және бақылау» — Ерасыл Төреғали, Михаил Мейрманов, Нұрлан Ерназар;

«Инклюзивті ортада қауіпсіздік бұзушылықтарын анықтайтын интеллектуалды жүйе» — Гүлназ Надирхан, Ақназар Бекбау;

«AdaptiveHand» — қол қимылы арқылы компьютерді басқару жүйесі — Нұрлы Ғалым;

«LibAU AI Assistant» — ғылыми кітапхана қызметін жаңғыртуға арналған веб-қосымша — Ришат Рашитов;

«Elib» электронды кітапханасы — Ерасыл Бақытжанұлы;

«KUtrack» жобаларды басқару платформасы — Елнұр Аяған;

«Интеллектуалды бейнебақылау жүйесі» — Аяулым Мұрат, Али Таберхан;

«Жалған жаңалықтарды анықтау жүйесі» — Ақсәуле Назымхан.

Үшінші орын алған жобалар:

«Домбыра әуендерін AI арқылы музыкалық транскрипциялау» — Әліби Қабиден;

«Қазақ тіліндегі қолжазбаны тану жүйесі» — Ернұр Жолаушы;

«DETECT AI» дәлелдерді талдау жүйесі — Жанель Байғанина;

Дебаттар мен сот отырыстарын талдайтын AI-агент — Назгүл Доспол;

«FinAIMen» студенттің қаржылық тұрақтылығына арналған AI-навигация — Лейла Бельгибаева, Жулдыз Мухтар, Лаура Шайманова;

«Пневмонияны анықтайтын интеллектуалды жүйе» — Елдар Сағындықов;

«Ақылды үй» жүйесі — Ақлима Мейрамбек;

«Ым-ишара тілін тану жүйесі» — Жамал Газиз;

«„Қазпошта“ хаттарын сұрыптау» — Райымбек Әбілқайыр, Нұрлан Тайшыбаев;

«Автосалаға арналған алюминийді лазерлік кесу» — Берік Қанатбек, Ерасыл Таубеков.

Арнайы номинациялар:


«Тау-кен өнеркәсібі үшін үздік әзірлеме» — «Пайдалы қазбаларды автоматты түрде сәйкестендіру және сұрыптаудың роботтандырылған жүйесі» жобасы — Фархат Тогтасан мен Мирас Токтарбек;


«Үздік экологиялық жоба» — «Электрондық қалдықтарды автоматтандырылған сұрыптау» — Жасұлан Бердімұрат пен Мадияр Абдыкаликов;


«Сапа бойынша үздік әзірлеме» — «Сандық таңбаларды тану негізінде сапаны байланыссыз бақылаудың интеллектуалды роботтандырылған жүйесі» жобасы — Арслан Абашев пен Жансая Абдурахман.

Айта кетелік Astana Hub құрылыс саласында 32 инновациялық жобаны іске асырып жатыр

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью