Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Таеквондодан 2026 жылы Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтетін Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін маусымдағы басты жарыстардың бірі. Бұл турнир отандық спортшыларға құрлықтағы ең мықты командалармен күш сынасып, өз әлеуетін бағамдауға үлкен мүмкіндік болмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның үстіне, отандастарымыздың жеңіс тұғырының биігіне көтерілуге күші жетеді. Толығырақ Olympic.kz материалында.
Азия чемпионаты дәстүрлі түрде әлемдегі ең тартысты жарыстардың бірі саналады. Себебі Азия елдері таеквондо спорты бойынша ұзақ жылдар бойы көш бастап келеді. Мәселен, былтыр Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионатында жалпы командалық есептің алғашқы ондығына бірден бес азиялық құрама енді. Ал Оңтүстік Корея алты медальмен екінші орынға тұрақтады. Жалпы, әлем чемпионатының тарихында кореялық спортшылар 254 жүлде жеңіп алған. Бұл - барлық ел арасындағы үздік көрсеткіш. Салыстырмалы түрде айтсақ, екінші орында тұрған Испанияның еншісінде 121 медаль бар.
Құрлық біріншілігінің тарихы 1974 жылдан бастау алады. Содан бері Азия чемпионаттарында да Оңтүстік Корея айқын көшбасшы саналады. Бұл елдің спортшылары турнирдің басым бөлігінде үстемдік етіп келеді. Жалпы есепте кореялықтар 313 медаль иеленген: 219 алтын, 45 күміс және 49 қола. Екінші орында Қытай Тайбэйі тұр - 41 алтын және жалпы 178 жүлде. Одан кейін Иран (32 алтын, жалпы 135 медаль) мен Қытай (28 алтын, 89 жүлде) орналасқан.
Қазақстан құрамасы әзірге Азия чемпионатының тарихында жалпы есепте алғашқы ондыққа кірмейді. Қазіргі таңда ұлттық құрама 11-сатыда тұр. Осы уақытқа дейін қазақстандық таеквондошылар үш алтын, сегіз күміс және 35 қола медаль жеңіп алған. Жалпы жүлде саны - 46. Алтын медаль саны бойынша Қазақстан Филиппин және Аустралия құрамаларымен тең көрсеткішке ие. Алайда күміс пен қола жүлде саны жағынан артта қалып отыр. Дегенмен өткен жылғы сары құрлық чемпионатында бұл екі ел де жүлдесіз қалған еді. Сондықтан Моңғолиядағы жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның тарихи рейтингте сегізінші не тоғызыншы орынға көтерілуіне мүмкіндік бар.
Қазақстан құрамасынан Азия чемпионы атанған алғашқы спортшы - Арман Чилманов. Ол 2006 жылы 84 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Төрт жылдан кейін тағы бір қазақстандық алтын медаль жеңіп алды. 73 келіге дейінгі салмақта Феруза Ергешова чемпион атанды.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының Азия чемпионаттарындағы соңғы алтынын Смайыл Дүйсебай еншілеген. Ол 2018 жылғы турнирде 87 келіге дейінгі салмақта жеңіске жетті. Дүйсебай Олимпиада жүлдегері Арман Чилмановпен бірге Қазақстан тарихындағы ең табысты таеквондошылардың қатарына кіреді. Чилмановтың еншісінде бес жүлде бар: бір алтын, екі күміс және екі қола. Ал Дүйсебай мансабында бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған.
Соңғы Азия чемпионаты 2024 жылы Вьетнамда өтті. Ол жарыста да жалпы командалық есепте Оңтүстік Корея бірінші орын алды. Команда бес алтын және жалпы 16 медаль иеленді. Екінші орынға үш алтын жеңіп алған Иран мен Қытай жайғасты. Қазақстан құрамасы бір күміс медальмен жарысты аяқтады. 57 келіге дейінгі салмақта Мария Севостьянова екінші орын алған болатын.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Моңғолиядағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының жоғары нәтиже көрсетуіне толық мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда ұлттық команда айтарлықтай ілгері жылжуда. Мұны соңғы жарыста тіркелген нәтижелер дәлелдейді. Соңғы жылдардағы басты жетістіктің бірі - 2025 жылғы әлем чемпионатындағы екі қола медаль. Уси қаласында өткен додада Айдана Құмартаева (46 келіге дейін) мен Нодира Ахмедова (49 келіге дейін) үздік үштікке енді.
Сонымен қатар қазақстандық таеквондошылар өзге де беделді халықаралық жарыстарда жүлде алып жүр. 2025 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатында Батырхан Төлеуғали (87 келіге дейін) мен Бейбарыс Қаблан (87 келіден жоғары) чемпион атанды. Ал Тамерлан Тілеулес (63 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды. Бұдан бөлек, қазақстандық спортшылар Гран-при турнирлерін қоса алғанда, түрлі халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.
Сондықтан алдағы Азия чемпионатында да табысты нәтиже күтуге болады. Әсіресе, Моңғолиядағы додада ұлттық құраманың негізгі көшбасшылары сынға түсетінін ескерсек, жүлдеге деген үміт басым.
Ерлер
54 келіге дейін: Еркебұлан Еңсегенов
58 келіге дейін: Жавохирхон Исламов
63 келіге дейін: Азим Ниязов
63 келіге дейін: Самирхон Абабакиров
68 келіге дейін: Сұлтанбек Орынбек
74 келіге дейін: Эльдар Бірімбай
80 келіге дейін: Мерген Ғаниев
80 келіге дейін: Батырхан Төлеуғали
87 келіге дейін: Мейір Нұрғазин
87 келіден жоғары: Бейбарыс Қаблан
Әйелдер
46 келіге дейін: Айдана Құмартаева
49 келіге дейін: Нодира Ахмедова
53 келіге дейін: Айдана Сүндетбай
53 келіге дейін: Азиза Қаражанова
57 келіге дейін: Тоғжан Қазынабек
62 келіге дейін: Камила Аймұқашева
67 келіге дейін: Аяулым Асқар
73 келіден жоғары: Назым Махмутова
73 келіден жоғары: Ақсәуле Ерқасымова
Азия чемпионатындағы бәсеке өте жоғары болмақ. Оңтүстік Корея мен Қытайдан бөлек, Иран, Таиланд, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Вьетнам құрамалары да басты қарсыластардың қатарында. Алайда қазақстандық спортшылар өз деңгейін талай рет дәлелдеген және жоғары орындар үшін күресуге қабілетті.
Оның үстіне, бұл турнир 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының қарсаңында өтеді. Сондықтан бапкерлер штабы мен спортшылар команданың қазіргі дайындығы мен бәсекеге қабілеттілігін нақты бағамдай алады.
Айта кетейік, таеквондодан 2026 жылғы Азия чемпионаты 21-24 мамыр аралығында өтеді.