Қазақстан Таиланд: Ырысты ықпалдастық жалғасады

25.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Сапардың маңыздылығын арттыра түсетін жайт – оның биыл 8 ақпанда Таиландта өткен парламенттік сайлау мен премьер-министр Анутин Чарнвиракул бастаған жаңа үкіметтің құрылуынан кейін ұйым­дастырылуы. Біздің еліміз – король­діктің жаңа сыртқы сая­си бас­шылығының шетелдік сапарлар бағдарламасына енгізілген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Біз мұны елдеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі сенімнің айқын көрінісі әрі Таиланд­тың Еуразиядағы ең сер­пін­ді дамып келе жатқан өңірдің бірі саналатын Орталық Азияға қызығу­шылығы арта түскенінің дәлелі ретінде бағалаймыз.

1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бергі отыз жылдан астам уақыт ішін­де Қазақстан мен Таиланд өзара құрметке, сенімге және ынты­мақтастықты дамытудағы прагматикалық ұстанымға негіз­дел­­ген берік өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастырды. Атап айт­қанда, саяси, сауда-эконо­ми­калық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық салаларда дәйекті түрде кеңейіп келеді.

Кейінгі жылдары Қазақстан мен Таиланд арасындағы қатынастар мемлекет­те­ріміздің басшылары тарапынан көр­се­тілген тұрақты қолдау мен назардың арқасында жаңа серпін алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Таиланд Корольдігінің басшылығы екі­жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, сауда-эконо­микалық байланыстарды дамы­ту­дың және Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыз­дылығын үнемі тілге тиек етіп келеді.

Қазақстан мен Таиланд арасындағы достық қарым-қаты­нас­тың маңызды рәміздерінің бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Таиланд королі Ұлы Маха Вачиралонгкорн арасындағы тұрақты хат алмасу. Мұндай байланыстар мемлекеттеріміз арасында өзара құрмет пен сенімнің жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, сая­си диалог пен мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі нығай­туға қосымша серпін береді.

Келер жылдың біздің елдеріміз үшін маңызы айрықша. Қазақстан мен Таиланд дипломатиялық қатынастардың орна­ға­ны­на 35 жыл толуын атап өтеді. Бұл мерейтой бұған дейін жүріп өткен жолға қорытынды жасап қана қоймай, алдағы онжылдықтарға арналған ынтымақ­тас­тық­тың жаңа бағдарларын айқындауға жақсы мүмкіндік береді.

Бүгінде біздің еліміз Орталық Азия­дағы жиынтық ішкі жалпы өнімінің жар­ты­сынан астамын қамтамасыз етіп отырған ең ірі экономика болса, Таиланд – әлемдегі 28-экономика. Сондай-ақ ол Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өнеркәсіптік өндірістің, иннова­ция­­лардың, сауданың және логис­ти­каның маңызды орталығы. Қазақстан мен Таиландты бірік­тіретін тағы бір маңызды фактор бар. Біздің мемлекеттеріміз қазіргі халықаралық саясатта ықпалды орта державалар ретінде танылатын елдердің қатарында. Жаһандық саясаттағы жіктелу үдерістері күшейіп тұрған қазіргі жағдайда дәл осындай біздің мемлекеттер жаңа ынтымақтастық форматтарының бастамашысына, өңірлер арасындағы диалог­тің дәнекеріне әрі сындарлы халық­аралық күн тәртібін ілгерілетуші күшке айналып келеді.

Сондықтан Астана мен Бангкок ара­сын­дағы қатынастардың дамуы дәс­түрлі екіжақты дипломатия шеңберінен әлде­қайда кең маңызға ие. Олар Азиядағы халықаралық қатынастардың неғұр­лым орнықты, болжамды әрі ашық халық­аралық тәртібін қалыптастыруға бірлесіп үлес қоса алады.

Егер бірнеше жыл бұрын Қазақстан мен Таиланд бір-бірін негізінен келешегі зор ұлттық нарықтар ретінде қарастырса, бүгінде ынтымақтастық ауқы­мы айтар­­лықтай кеңейді Таиланд Қазақстан үшін халқы 680 ­мил­­­­­­ли­он­нан асатын АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекет­те­рінің қауымдастығы) нарығына шыға­тын маңызды қақпа бола алады, ал Қазақстан тай бизнесіне тек Орталық Азияға ғана емес, халқы 185 миллионнан асатын Еуразиялық экономикалық одақ нары­­­ғына да жол ашады. Осындай өзара толықтырушы артық­­­шы­­лық­тар жүйелі түрде біздің әріп­тестігімізді шынайы стра­те­гиялық деңгейге көтере алады.

Біз Орталық Азия мен АСЕАН арасында өзара толықтыру­шы әлеуеттің зор екеніне сенімдіміз. Орталық Азия бірегей геогра­фия­лық орынға, мол табиғи ресурс­тарға, дамып келе жатқан өнеркәсіп пен елеулі көлік әлеуетіне ие. Ал Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – өнеркәсіптік өндіріс­тің, қаржының, инновациялар мен халықаралық сауданың маңыз­ды орталықтары. Осы артықшы­лық­тар­ды ұштастыру екі өңірдің де орнықты дамуы үшін сапалық тұр­ғыдан жаңа мүмкіндіктер қалып­тастыра алады.

Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан мен Таиландтың Орта­лық Азия мен АСЕАН арасын­дағы болашақ ынтымақ­тас­тықтың негізгі тоғысатын нүктелеріне айналу мүмкіндігі зор. Біздің елде­ріміз дамыған дип­­ло­матия­лық инфрақұры­лымға, әртарап­тан­­дырылған экономи­­каға және халықаралық ынтымақтас­тық­ты нығайтуға деген ортақ ұмтылысқа ие. Сондықтан біз алдағы сапарды тек екіжақты қаты­нас­тар үшін ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды өңіраралық диалог­ті дамыту жолындағы маңыз­ды қадам ретінде қарас­ты­рамыз.

Сауда-экономикалық ынты­мақ­­тастық екіжақты күн тәрті­бінің маңызды бағытының бірі болып қала береді. 2025 жыл­дың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының көле­мі шама­мен 8 пайызға артып, 255 миллион долларға жетті. Әсіресе Қазақстанның Таиланд­қа экспортының алты еседен астам ұлғаюы айрықша көрсет­кіш. Бұл сандар әлі де толық пай­да­­­ланылмаған елеулі әлеуеттің бар екенін көрсетеді. Біздің пайым­дауы­мызша, Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-эко­но­­ми­калық ынтымақтастықтың нақты мүмкіндіктері қазіргі көрсет­кіш­­­­терден әлдеқайда жоға­ры.

Қазақстан Таиланд нарығына астық пен майлы дақылдар, ұн, ет өнімдері, сондай-ақ химия өнеркәсібі, металлургия мен мұнай-химия өнімдерінің экспортын кеңейтуге дайын. Өткен жылы еліміздегі астық түсімі 25 ­мил­ли­­он тоннадан асып, өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қоса алатынымызды тағы бір мәрте дәлел­деді.

Сонымен қатар Қазақстан тай инвесторлары үшін кең мүмкіндіктер ұсынады. Біз энергетика, мұнай-химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, логис­тика, цифрлық технологиялар,
туризм, денсаулық сақтау мен заманауи қалалық инфрақұрылымды дамыту салаларында бір­лескен жобаларды іске асыруға мүд­деліміз.

Келешегі зор бағыттың бірі – аса маңызды материалдар сала­сын­дағы ынты­мақ­­тастық. Қазақстан жоғары техноло­гиялық өнер­кә­сіп­те, аккумуляторлар өндірі­сінде, электроника секторында және жаһандық энергетикалық ауысу үдерісінде сұранысқа ие стратегиялық минералдардың қомақты қорына ие. Біз тек шикізат өндіруге ғана емес, оны терең өңдеу, заманауи технологияларды жергіліктендіру және жоғары қосылған құны бар өнім шығару жөніндегі бірлескен өндірістерді дамытуға да мүдделіміз.

Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға цифрлық экономика жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Қазақстан цифрлық трансфор­мацияның ауқымды бағдар­ла­ма­сын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Соның нәтижесінде еліміз электрондық үкімет пен цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту деңгейі жөнінен өңірде жетекші орында. Astana Hub халықаралық технопаркі Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық экожүйеге айналып, әлемнің ондаған елінен келген мыңдаған IT-компания мен стартаптарды біріктіріп отыр. Жасанды интеллект, цифрлық сервистер және Alem.AI инновациялық платформасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Аталған платформа болашақта Еуразиядағы жасанды интеллект технология­ларын дамытудың маңызды орта­лығының біріне айналмақ.

Осы бағыттағы маңызды қадам­ның бірі – былтыр 22 мамырда Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Таиланд Корольдігінің Цифрлық экономика және қоғам министрлігі арасында цифрлық және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойылуы. Құжат цифрлық үкімет, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, озық технологиялық шешімдермен алмасу және цифрлық экономика үшін кадр даярлау бағыттарындағы өзара тәжірибелік іс-қимылдың негі­зін қалады.

Инвестициялық ынтымақ­тас­тық­ты дамытуға Алматы қаласының маңында құрылып жатқан жаңа Алатау қаласы елеулі серпін бере алады. Жақында қабыл­данған қаланың арнайы құқықтық режімі туралы конституциялық заң инвес­торлар үшін ерекше жағдайларды, жеңілдетілген әкімшілік рәсімдерді және заманауи реттеу жүйесін көздейді. Алатау технологиялар, инновациялар, білім беру, логистика, туризм және заманауи орталық ретінде дамытылмақ. Туристік кластерлерді жетілдіру, қонақүй индустриясы, цифрлық сервистер, жылжымайтын мүлік пен заманауи урбанистикалық шешімдер салаларындағы Таиландтың бай тәжірибесі осы ауқымды жобаны іске асыру барысында сұранысқа ие болады деп сенеміз.

Азия мен Еуропа арасындағы ең сұранысқа ие дәліздердің біріне айналып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамытуға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар Қазақстан Қытайдың Ляньюньган және Сиань қалаларындағы логистикалық қуат­тарды белсенді дамытып, халық­аралық маңызы бар заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастырып жатыр. Бұл бағыт Қытай-Лаос-Таиланд теміржол дәлізімен ұштаса отырып, Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа нарықтары арасында тиімді көлік тізбектерін қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Біз болашақта Қазақстан мен Таиланд өз өңірлерінің логис­ти­ка­лық платформаларына айнала алады деп сенеміз. Мұндай ынты­мақ­тастық Еуропа, Таяу Шығыс, Африка, Мұхит елдері мен Латын Америкасы нарықтарына бірлесіп шығуға, жаңа жеткізу тізбектерін, өндірістік кооперацияларды және инвестициялық жоба­ларды қалыптастыруға мүм­кіндік береді.

Сонымен қатар біз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өңірлік ынты­мақ­тастық тетік­­терінің
дамуын, оның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Достық және ынты­мақ­тастық туралы шартты (Treaty of Amity and Cooperation in Southeast Asia – TAC) мұқият қадағалап келеміз. Біз бұл құжат­ты сенімді нығайтудың, бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын ілге­рі­ле­тудің және Азия мемлекет­­те­рі арасындағы өзара тәжіри­бе­лік іс-қимылды дамытудың маңызды негізі ретінде қарас­тырамыз. Қазақстан TAC келісіміне қосылуға қызығушылық танытып отыр.

Екі ел арасында мәдени байланыстар да нығайып келеді. Бангкокте өткен «Қазақстан: Ұлы да­ланың ырғағы» атты қазақ мәдениетінің гала-концерті мен «Ұлы даланың таңы» тарихи фильмі­нің тұсаукесері тай жұрт­шылығының зор қызығу­шы­лығын тудырды. Бұл жобалар Қазақстанның мәдениеті мен тарихын Таиландта кеңінен танытуға қосылған маңызды үлес болды.

Туризмді дамытуға да айрықша көңіл бөлініп жатыр. Бүгінде екі ел арасында «Air Astana», «SCAT» және «Thai AirAsia X» әуе компаниялары аптасына 23 тікелей рейс орындайды. 2024–2025 жылдары Таиландқа шамамен 370 мың Қазақстан азаматы барды. Сонымен қатар Қазақстанға қызығушылық танытып, елімізді танып-білуге ұмтылатын тай туристерінің саны да тұрақты түрде артып келеді. Осы тұрғыдан биыл қаңтарда Таиландтың Пхукет аралында Қазақстан Республикасы Консул­ды­ғының ашылуы маңызды қадам болды. Жаңа консулдық мекеме Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, туризмді, іскерлік байланыстарды және гуманитарлық алмасуларды дамытуға ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, алдағы сапар­дың нәтижелері қазақ-тай қатынас­тар тари­хының жаңа парағын ашып, Қазақстан мен Таиланд арасындағы толық­қанды стратегиялық әріптестікті қалыптастырудың берік негізін қалайды деп сенемін. Қарқынды өзгеріп жатқан қазіргі әлем жағдайында біздің мемлекеттер Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы маңыз­­­ды байланыстырушы буынға айналып, сауда, инвестициялар, инновациялар мен гумани­тар­лық ынтымақтастықты дамы­туға елеулі үлес қоса алады. Біздің ойымызша, қазақ-тай қатынас­та­рының ұзақмерзімді маңызы дәл осы мақсатта – XXI ғасырдағы өзара байланысқан, өркендеген және орнықты Азияны бірлесіп қалыптастыруда жатыр.

Марғұлан БАЙМҰХАН,

Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью