Azh.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Қазақстан иммигранттар үшін жаһандық тартымдылық рейтингінде (Immigration Index 2026) ТМД елдері арасында көш бастады.
Remitly мәліметтері бойынша, Қазақстан 82 елдің ішінде 53-орынға тұрақтады. Зерттеуге енген ТМД мемлекеттерінің ішінде бұл ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
Молдова 56-орынға, Әзірбайжан — 66-орынға, Армения — 74-орынға, Өзбекстан — 75-орынға жайғасты. Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина бұл зерттеуге енгізілмеген.
Рейтинг елдерді шетелге көшуді қарастырып жатқан адамдар үшін тартымдылығы тұрғысынан бағалайды. Зерттеу барысында 16 санат бойынша 34 көрсеткіш ескерілген.
Олардың қатарында қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, еңбек нарығы, өмір сүру құны, көлік, отбасылық инфрақұрылым, экология және қалыптасқан мигранттар қауымдастығының болуы сияқты көрсеткіштер бар.
Remitly сарапшылары бұл индекстің тек экономикалық факторлармен ғана шектелмейтінін атап өтеді. Ол сондай-ақ өмір сүру сапасын, медициналық қызметтердің қолжетімділігін, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін, тұрғын үй құнын, қоғамдық көлікті және ұзақ мерзімді интеграциялану (бейімделу) перспективаларын бағалайды.
Бұл ретте визалық шарттар рейтингке қосылмаған, өйткені олар өтініш берушінің азаматтығына, біліктілігіне және жеке жағдайына тікелей байланысты.
Жаһандық рейтингте бірінші орынды Швейцария иеленді. Үздік бестікке (топ-5) Исландия, Люксембург, Аустралия және Германия да енді.
Қазақстан үшін ТМД елдері арасында бірінші орынға шығу — елдің халықаралық тартымдылығын арттыру, білікті мамандарды тарту, адами капиталды дамыту және республиканың бизнес, білім мен технологиялар үшін өңірлік орталық ретіндегі рөлін нығайту бағытындағы талпыныстары аясында оң сигнал болуы мүмкін.
Сонымен бірге, жалпыәлемдік тізімдегі 53-орын Қазақстанның әзірге жаһандық рейтингтің орта тұсында екенін көрсетеді. Елдің алға жылжуына ықпал ететін факторлардың қатарында қалалық ортаның сапасы, медицинаның қолжетімділігі, табыс деңгейі, экология, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй құны және миграциялық процедуралардың болжамдылығы қалып отыр.
Осылайша, Immigration Index 2026 Қазақстанға мықты өңірлік позиция береді: зерттеуге енген ТМД елдерінің ішінде республика көшіп бару үшін ең тартымды ел болып көрінеді.
Бүгін, 11:41