Zakon.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Мемлекет басшысының айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағыты түркі әлемінің өзара байланысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
"2026 жылдың тоғыз айында Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі 30 пайызға артты. Оның ішінде транзиттік тасымал 90 пайызға өсті. Қазақстан мен ТМҰ мемлекеттері арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі 10 пайызға артып, 40 миллион тоннаға жуықтады. Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі 20 пайызға өсіп, 6,5 миллион тоннаға жетті. Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейту үшін елімізде арнайы бағдарлама іске асыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Орта дәліз бойындағы логистикалық инфрақұрылым мен теңіз порттарын жаңғырту Қазақстан үшін басым бағыт болып қала береді. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік дәлізі, "Бір белдеу, бір жол" жобасы және басқа да көлік бағыттары еліміз үшін тиімді әрі маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың бүгінгі күннің басты талабы екенін атап өтті.
"Мемлекеттеріміз ауқымды цифрлық трансформация жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылуда. Елімізде биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылды. Жасанды интеллект саласында мамандар даярлайтын Qazaq AI Research University университеті ашылды. Жалпы қуаты 1 гигаватт болатын деректерді өңдеу орталықтарының алқабын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі суперкомпьютер іске қосылды, жуырда үшіншісі де жұмысын бастайды. Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қажет болған жағдайда Қазақстан осы саладағы тәжірибесін бауырлас түркі елдерімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
"Баршаңызға мәлім, биыл мамыр айында Түркістанда өткен кездесуде жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту перспективаларын талқыладық. Сол жиынның қорытындысы бойынша бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жуырда Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Бұл бірегей жобаның мүмкіндіктерін түркі мемлекеттері де пайдалана алады. Сонымен қатар қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқару қажет. Атап айтқанда, Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру, сондай-ақ цифрлық мониторинг және инновация орталықтарын ашу бастамаларын жеделдету керек. Бұл жобалар мемлекеттеріміздің цифрлық саладағы әріптестігін одан әрі кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз", – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде бірқатар маңызды бастама көтерген болатын.