Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Түркияның ақпарат кеңістігінде Отандық телеарналар хабар тарата бастайды.
Бұл жөнінде Анкараға іссапармен барған еліміздің мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Түркия Президенті әкімшілігіне қарасты коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуранмен өткен екіжақты кездесуде мәлімдеді. Кездесу барысында Қанат Ысқақов Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сәлемін жеткізді. Содан соң тараптар Қазақстандық телеарналардың Түркия аумағында хабар таратуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Сондай-ақ екі ел арасындағы ақпараттық ықпалдастықты нығайту және мемлекет басшылары жүктеген міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- Түркия каналдарымен, Қазақстан телеарналарымен ортақ жобаларды пысықтау, соның ішінде мәдени мұрамыздың, тарихи мұрамыздың, туристік экономика, инвестициялық жобаларды айқындайтын ортақ проектілер. Оған қоса, тағы бір тақырып, ол әрине, дезинформация. Бір-бірімізге тиісті ақпарат алмасу, басқа да салаларды талқыладық. Ең басты мақсат – біздің міндеттеріміз бір, түркі мемлекеттерінің мүддесі де ортақ. Сондықтан осы бағытта жұмысты жалғастыру деп келістік.