Қазақстан жасыл энергияға көшу арқылы инвестициялық тартымдылықты арттырып отыр

07.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Екі аптадан кейін Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Шараның маңызды оқиғасы ретінде Энергетика министрлігінің «Орталық Азиядағы әділ энергетикалық өту: саясат, инвестициялар және адами капитал» атты панельдік сессиясы ұйымдастырылады.

Көміртекті бейтараптыққа жету жолында энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі — жаңартылатын энергия көздеріне кезең-кезеңімен көшу.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ЖЭК секторы қарқынды дамып жатыр: елде жалпы қуаты 3,5 ГВт болатын 162 нысан жұмыс істейді, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы энергия теңгеріміндегі «жасыл» генерацияның үлесі 7%-ға жетті. Өткен жылы энергетикалық жүйе қуаты 503 МВт болатын 9 жаңа станциямен толықты, бұл ретте ЖЭК нысандары өндірген электр энергиясының нақты көлемі 8,6 млрд кВт·сағ болып, жоспарланған көрсеткіштерден 19,4%-ға асты.

— 2026 жылы министрлік экологиялық таза энергия өндіру көлемін 8,8 млрд кВт·сағ дейін арттыруды көздеп отыр. Іске асыру жоспарына сәйкес жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 жаңа жоба іске қосылады, оның ішінде 4 жел, 5 күн және 1 гидроэлектр станциясы бар. «Баламалы энергия көздері туралы» Заңның қабылдануы және сутегі энергетикасын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасының өзектендірілуі маңызды кезең болмақ. Инвестицияларды тартудың негізгі құралы ретінде аукциондық сауда-саттық механизмі қала береді, оның 2024–2027 жылдар аралығындағы жалпы көлемі 6,7 ГВт болады, — делінген министрлік хабарламасында.

Заманауи энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталған жел электр станцияларының (ЖЭС) мега-жобаларын салу бойынша халықаралық серіктестікті нығайтуға ерекше көңіл бөлініп оиыр.

Жамбыл облысында франциялық TotalEnergies компаниясы 1 ГВт станцияның құрылысын бастап кетті, ал Павлодар облысында Қытайдың State Power Investment Corporation корпорациясымен бірлесіп қуаты 1 ГВт болатын ұқсас жоба іске қосылмақ.

Бұдан бөлек, ЖЭК саласындағы әлемдік көшбасшы — Masdar компаниясы ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға кірісуде. 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанда 8 ГВт-тан астам ЖЭК қуатын іске қосу жоспарланып отыр, бұл ұлттық энергожүйенің тұрақтылығын және энергия теңгерімінің терең әртараптандырылуын қамтамасыз етеді.

Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) — Орталық Азия елдері мен басқа да мемлекеттердің басын қосып, климаттың өзгеруі, су ресурстарының деградациясы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару сияқты өткір экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған халықаралық іс-шара. RES 2026 Астана қаласында (Қазақстан) 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында өтеді. Саммитке мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылым саласының 1500 делегаты қатысады деп күтілуде.

БҰҰ-мен серіктестікте RES 2026 өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында айтқан болатын. 

Айта кетелік қазақстандықтар жасыл энергетика саласында қандай патенттер тіркегені туралы жазған едік

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью