Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
QS пәндік рейтингі 100-ден астам ел мен аумақтағы 1900 университет ұсынатын 21 мыңнан астам білім беру бағдарламасын салыстырмалы түрде бағалау нәтижесінде жасалған. Рейтинг 55 пәнді және 5 ірі бағытты қамтиды: өнер және гуманитарлық ғылымдар, инженерия және технологиялар, өмір туралы ғылымдар және медицина, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар және менеджмент.
2026 жылғы нәтижелер бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша әлемде 41-орын алып, топ-50 қатарына енді. Бұл – Орталық Азия елдері үшін ең жоғары нәтиже.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы алғаш рет «Орындаушылық өнер» бағыты бойынша әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті төрт салалық және 23 пәндік рейтингте ұсынылып, көрсеткіш саны бойынша елдегі көшбасшы атанды. Одан кейін бір салалық және 15 пәндік рейтингке енген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орналасты. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өздерінің бейінді бағыттары бойынша жоғары нәтижелер көрсетті.
Satbayev University 2026 жылғы пәндік рейтингтерде жаңа позициялар саны бойынша елде екінші орын алды.
Биыл қазақстандық университеттер «Білім беру және оқыту» мен «Лингвистика» бағыттары бойынша көрсеткіштерін жақсартты. Сонымен қатар «Бухгалтерлік есеп және қаржы», «Биологиялық ғылымдар», «Қоршаған орта туралы ғылымдар» және «Материалтану» пәндері бойынша алғаш рет рейтингке енді.
QS ұйымының аға вице-президенті Бен Саутердің айтуынша, жаңа нәтижелер Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын көрсетеді.
– Жаңа пәндер бойынша 14 білім беру бағдарламасының алғаш рет рейтингке енуі халықаралық мойындаудың күшейгенін дәлелдейді. Қазақстан «Білім беру және оқыту» және «Лингвистика» бағыттары бойынша көрсеткіштерін жақсартып, «Орындаушылық өнер» бағыты бойынша алғаш рет топ-100 қатарына енді, – деді ол.
QS ұйымының өңірлік директоры Сергей Христолюбов Қазақстан Орталық Азияда пәндік рейтингтердің топ-100 қатарына енген жалғыз ел екенін атап өтті.
– «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша топ-50 қатарына ену – тек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үшін ғана емес, бүкіл ұлттық жоғары білім беру жүйесі үшін маңызды жетістік. Қазақстанның пәндік рейтингтердегі қатысуы 13 университетке дейін өсіп, олар 4 бағыт пен 27 пән бойынша 70 позицияға ие болды. Бұл – рекордтық көрсеткіш, – деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, бұл нәтижелер Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің тұрақты дамып келе жатқанын және оның жаһандық академиялық кеңістікке ықпалдасуы күшейгенін көрсетеді.
Айта кетейік, Қазақстан студенттері 30-дан астам инновациялық IT-жоба ұсынды.