Қазақстан зияткерлік бәсекенің өңірлік хабына айналды

20.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ведомствоның мәліметінше, бұл үрдіс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған білім мен ғылымды ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі. Мемлекеттік стратегиялар аясында елімізде дарынды оқушыларды қолдау, олардың ғылыми-зияткерлік әлеуетін дамыту бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізіліп келеді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— 2026 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Қазақстанда төрт ірі халықаралық білім және ғылым сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл еліміздің халықаралық академиялық қауымдастықтағы беделінің тұрақты түрде артып келе жатқанын айғақтайды, — делінген хабарламада.

Алматы қаласында өткен XXII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы математика, физика және информатика пәндері бойынша әлемнің 16 елінен келген 600-ден астам оқушыны біріктірді. Қатысушылар арасында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстан өкілдері болды. Жарыс қорытындысы бойынша 324 медаль сарапқа салынып, қатысушылардың жоғары академиялық дайындығы көрінді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Астана қаласында өткен Alem Tech Fest 2026 фестивалі Орталық Азиядағы ең ірі робототехника және STEM технологиялар алаңына айналды. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Вьетнам және Гонконг ҚХР АӘА-дан 5 мыңнан астам оқушы қатысты. Нәтижесінде Қазақстанның ұлттық робототехника құрамасы жасақталып, 16 үздік команда АҚШ-та өтетін FIRST Championship 2026 әлемдік финалына жолдама алды.

Астана қаласында 8-12 сәуір аралығында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» халықаралық ғылыми конкурсы 20-рет ұйымдастырылып, ғарыштық зерттеулер саласындағы жас зерттеушілерді біріктірді. Қазақстан, Қытай және Түркиядан келген 200-ге жуық оқушы қатысқан байқау нәтижесінде 115 жүлдегер анықталды. Жоба жас буынның ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын арттыруға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Сондай-ақ Астанада өткен Ө. Жолдасбеков атындағы халықаралық математика және механика бойынша зерттеу жобалары конкурсына Қазақстан, Таиланд және Түркиядан 135 жас зерттеуші қатысты. 99 жобаның 77-сі жүлделі орындарға ие болып, халықаралық ғылыми бәсекелестіктің жоғары деңгейін көрсетті.

Осылайша, Қазақстан халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарды өткізетін өңірлік білім хабына айналып келеді. Бұл үдеріс еліміздің білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, қазақ тілінің халықаралық ғылыми-академиялық кеңістікте қолданылу аясын кеңейтуге және оның мәртебесін нығайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, қазақстандық оқушылар халықаралық математикалық олимпиададан үш медаль жеңіп алды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью