Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстанның майлы-тоңмай өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Бұған майлы дақылдардың егіс алқаптарының кеңеюі, қайта өңдеу көлемінің артуы және экспорттық әлеуеттің күшеюі ықпал етуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Былтыр майлы дақылдар егілген алқаптар 3,9 млн гектарға дейін ұлғайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 37,7%-ға немесе 1,1 млн гектарға артық. Оның ішінде күнбағыс егіс алқабы 38,4%-ға немесе 491,1 мың гектарға кеңейтілді.
Майлы дақылдар бойынша негізгі егіс алқаптары Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай облысында орналасқан.
Өңірлер әкімдіктерінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылы 4,8 млн тонна майлы дақыл жиналған (2024 жылы – 3,3 млн тонна), оның ішінде күнбағыс – 2,3 млн тонна (2024 жылы – 1,8 млн тонна).
Қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттылығы жылына 5 млн тоннадан асады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 888,8 мың тонна өсімдік майы өндірілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда (757,1 мың тонна) 17,4%-ға жоғары. Оның ішінде күнбағыс майының өндірісі 757,2 мың тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға өсті.
2025 жылдың 11 айында өсімдік майларының экспорты 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,6%-ға артып отыр.
Негізгі сатып алушылардың қатарында Өзбекстан (жалпы көлемнің 46%), Қытай Халық Республикасы (33,7%), Тәжікстан (13,1%), Ауғанстан (4,3%), Түрікменстан (1,8%) және басқа елдер бар.
Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлемдік ТОП-10 елдің ішінде 8-орында тұр, сондай-ақ Еуропалық одақ елдеріне күнбағыс шротын экспорттаушы ТОП-3 елдің қатарына кіреді.
Қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету және өнімнің қосылған құнын арттыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында майлы дақылдардың егіс алқаптарын одан әрі үлкейту көзделген.
2023 жылғы 1 ақпаннан бастап күнбағысты экспорттауға 20% мөлшерінде, бірақ 1 тоннасы кемінде 100 еуро болатын экспорттық кедендік баж салығы енгізілді. Экспорттық әлеуетті кеңейту мақсатында Қытаймен майлы дақылдарды қайта өңдеу өнімдерін экспорттауға қатысты санитарлық және фитосанитарлық талаптар жөніндегі хаттамаларға қол қойылды.
АӨК-ті қолдау бағдарламалары аясында қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Сондай-ақ қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 80%-ға төмендетілген.
Қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары майлы-тоңмай саласының одан әрі дамуына, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және оны сыртқы нарықтарға ілгерілетуге ықпал етуде.