Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. Қазақстанда 2026 жылға жоспарланған 10 ЖЭК жобасының 7-еуі іске қосылды, деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Биыл елімізде жалпы қуаты 245 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 10 нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 212 МВт болатын 7 нысан пайдалануға берілді.
Пайдалануға берілген нысандардың қатарында:
Қостанай облысында қуаты 50 МВт "Aspan Energo" ЖШС жел электр станциясы;
Маңғыстау облысында қуаты 20 МВт "Stellar Energy" ЖШС күн электр станциясы;
Қостанай облысында қуаты 22,6 МВт "Altyn Solar Energy" ЖШС күн электр станциясы;
Жетісу облысында қуаты 20 МВт "Jetisu Terra Power" ЖШС күн электр станциясы;
Қарағанды облысында жалпы қуаты 100 МВт болатын "Гиперборея" ЖШС-нің үш жел электр станциясы бар.
"Ағымдағы жылдың соңына дейін Қызылорда облысында қуаты 30 МВт "Альхена" ЖШС-нің екі күн электр станциясы жобасын, сондай-ақ Түркістан облысында қуаты 3,2 МВт "Тауэнерго" ЖШС-нің шағын гидроэлектр станциясын салуды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.
ЖЭК жобаларын іске асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның энергия теңгеріміндегі экологиялық таза генерация үлесін арттыруға ықпал етеді.