Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ гендерлік теңдікті ілгерілету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігіЕрбол Мырзабосынов Қазақстанда әйелдер мен қыздарды спортқа тартуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 3 жастан 65 жасқа дейінгі және одан жасы үлкен шамамен 2,7 миллион әйел спортпен шұғылданады. Бұл – елдегі әйелдердің 26,4 пайызы. Аталған көрсеткіш спорттың әйелдер мен қыздардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын, денсаулықты нығайтуға, әлеуметтік интеграцияға және көшбасшылық қасиеттерді дамытуға ықпал ететін маңызды құрал екенінің көрінісі.
Министр отандық спортшы әйелдердің Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
Қазақстан әлемдік аренада жоғары жетістікке жеткен әйел чемпиондарымен мақтанады. Олардың қатарында 1994 жылы Қазақстан атынан тұңғыш рет Олимпиадада конькимен жүгіруден өнер көрсеткен Кенжеш Сәрсекенова, қысқы Олимпиадада ел қоржынына алғашқы жүлдені салған Людмила Прокашева, дзюдодан әлем чемпионатының тұңғыш жүлдегері Әбиба Әбужақынова, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, Олимпиадада үш мәрте жүлде алған жеңіл атлет Ольга Рыпакова, сондай-ақ бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай бар.
Кездесу барысында туризм саласындағы әйелдердің рөліне де ерекше назар аударылды. Әйелдер саланың бет-бейнесін қалыптастырып, туристік қызметтердің сапасын қамтамасыз етуде маңызды орынға ие. Сондай-ақ әйелдер мәдени мұраны сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші әрі халықаралық гуманитарлық және мәдени байланыстардың дамуына ықпал етеді.
Фото: ҚР туризм және спорт министрлігіЕрбол Мырзабосынов «БҰҰ-Әйелдер» кеңсесіне тұрақты даму мен тең мүмкіндіктер қағидаттарына негізделген өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін жеткізді.
Осыған дейін Ербол Мырзабосынов болашақ чемпиондарды дайындау үшін бастапқы іргетас дұрыс қалыптасу керек екенін айтқан болатын.