Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Фото: Ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, топ құрамында 9 адам болған. Заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін олар мұнай өнімдерін сатып алу, құжат рәсімдеу және экспорттау мақсатында 12 заңды тұлғаны тіркеген.
Бензиннің шығу тегін заңдастыру және оны шетелге шығару үшін күдіктілер «Қара Май ОйЛ» ЖШС мен «Petro Bazis» ЖШС шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланған.
«Құжат жүзінде кәсіпорындар АИ-92 бензинін жеңіл дистиллятпен немесе еріткішпен араластыру қызметін көрсеткен. Алайда іс жүзінде олардың қызметі бензинді ешқандай технологиялық өңдеусіз теміржол цистерналарына құюмен ғана шектелген», делінген хабарламада.
Энергетика министрлігі бензин мен газ бағасына қатысты шағымдарды қабылдайтын желі ашты
ҚМА мәліметінше, кейін жалған құжаттар рәсімделіп, олардың негізінде бензин ароматты көмірсутектер қоспасы, еріткіштер немесе жеңіл көмірсутектер қоспасы ретінде декларацияланған.
Нәтижесінде автокөлік бензині мұнай-химия өнімі ретінде көрсетіліп, Қырғыз Республикасына заңсыз шығарылған. Бұл әрекеттер елдің ішкі нарығында мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалған кезеңде де жүзеге асырылған.
«Заңсыз экспортталған бензин көлемі 190 мың тоннадан асып, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы 37,2 млрд теңгеден асқан. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «Түрксіб» станциясында Қырғыз Республикасына жөнелтілмек болған шамамен 500 тонна заңсыз бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 млн теңге болатын тәркіленген бензин мемлекет кірісіне өткізілді», делінген хабарламада.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.