Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Қазақстанда Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания қызмет атқарып жатыр.
Оның ішінде 30-ға жуық кәсіпорын Astana International Financial Centre алаңында тіркелген. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентімен келіссөздер қорытындысы бойынша жасаған мәлімдемесінде айтты.
Президенттің сөзінше, бұл көрсеткіш Қазақстан мен Кипр арасындағы іскерлік және инвестициялық байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ елордада Қазақстан-Кипр бизнес-форумы өтіп жатқанын атап өтті.
– Бүгінгі форумға екі елдің бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысып отыр. Кипрлік кәсіпкерлер делегациясының арнайы келуі экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға мүдделі екенін айтып, кипрлік компанияларды ұзақмерзімді инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды.
Президенттің айтуынша, елде қабылданған жаңа Конституция жеке меншіктің барлық түріне кепілдік береді және инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтеді. Сонымен қатар кипрлік кәсіпкерлер Қазақстанның «Алтын виза» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана алады. Бұл тетік инвесторлар мен білікті мамандарға көші-қон және салық саласы бойынша бірқатар жеңілдік ұсынады.