Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 22 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаттары директорсыз отырған мектептердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, 454 мемлекеттік мектепте директор қызметі бос тұр. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы барлық мектептің 6,5 процентін құрайды.
Директорсыз отырған мектептердің басым бөлігі – 399 мекеме ауылда орналасқан. Ал қалада 56 мектепте директор жоқ. Әсіресе, Ақмола (63), Солтүстік Қазақстан (56) мен Қарағанды (49) облыстарында ондай мектептер көп.
"Былтыр мектеп директоры қызметіне үміткерлердің 21 проценті ғана тестілеуден сәтті өтті. Бұл дегеніміз, тек мамандар тапшылығы емес, дайындық пен іріктеу мәселесі өзекті болып тұр. Сосын педагогтар мектеп директоры болғысы келмейді. Себебі жауапкершілік жоғары, ал жалақы қатардағы мұғалімнен төмен", - деді депутат Вера Ким мәжілістің бүгінгі отырысында.
Ал директор болмаса, мектепті басқару мен білім беру сапасы төмендейді. Осыған байланысты "AMANAT" фракциясының өкілдері үкіметке депутаттық сауал жолдап, ауылды жерде мектеп директорларын тарту мен тағайындау шараларын күшейтуді талап етті. Оларға қатысты ротацияның сараланған жүйесін де енгізуді ұсынды.