Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі халықаралық конференция өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ауқымды іс-шараға 27 мемлекеттің, халықаралық ұйымдардың өкілдері және цифрлық қауіпсіздік саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.
Конференцияны Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) мен Интерполдың қолдауымен ұйымдастырды.
Аталған конференция Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайтуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, цифрлық мемлекетті дамытуға және заманауи қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған мемлекеттік саясатының жалғасы болды.
Астана трансұлттық киберқылмысқа қарсы күресте бірлескен шешімдер әзірлеу үшін құқық қорғау органдарының басшыларын, халықаралық ұйымдардың, қаржы секторы мен технологиялық компаниялардың өкілдерін бір алаңға жинады.
Конференцияның басты мақсаты - тәжірибе алмасумен шектелмей, азаматтарды цифрлық кеңістіктегі қылмыстардан қорғауға бағытталған нақты бірлескен іс-қимылдарға көшу.
Конференция қатысушылары алдында сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Ержан Саденов киберқылмыстың жаһандық қатерге айналғанын және оған бір мемлекеттің күшімен қарсы тұру мүмкін еместігін атап өтті.
Қылмыстық топтар жасанды интеллектіні, дауыс пен бейнені қолдан жасаудың заманауи технологияларын, анонимді цифрлық платформалар мен криптовалюталарды белсенді пайдаланып отыр. Бұл ретте қылмыскерлер, олардың құрбандары және қаржы ағындары көбіне әртүрлі мемлекеттердің аумағында болады.
- Киберқылмыс шекара талғамайды. Қылмыскер бір елде, оның құрбаны басқа елде болуы мүмкін, ал ұрланған қаражат санаулы минут ішінде бірнеше мемлекеттің банктік шоттары арқылы өтіп үлгереді. Сондықтан біз бірлесе әрекет етуіміз қажет, - деді Ержан Саденов.
Күш-жігерді біріктіру қажеттігін конференцияға қатысқан шетелдік делегациялар да қолдады.
Іс-шара барысында Грузияның Ішкі істер министрі Сулхан Тамазашвили, Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрі Улан Ниязбеков және Ресей Федерациясы Ішкі істер министрінің орынбасары Андрей Храпов сөз сөйледі. Сондай-ақ конференция жұмысына Иран, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттердің ішкі істер министрліктерінің басшылығы қатысты.
Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, жедел ақпарат алмасудың және трансұлттық киберқылмысқа қарсы бірлескен күрестің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан киберқылмысқа қарсы күрестің халықаралық-құқықтық негізін нығайтуда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, киберқатерлерге қарсы іс-қимылдың құқықтық тетіктерін жетілдіріп келеді.
2026 жылғы 30 қыркүйекте Қазақстан Еуропа Кеңесінің Компьютерлік қылмыстар туралы Будапешт конвенциясын ратификациялады. Сонымен қатар 2025 жылғы қазанда еліміз БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы конвенциясына алғашқылардың бірі болып қол қойды. Қазіргі уақытта аталған құжатты ратификациялау рәсімі жүргізілуде.
Бұл халықаралық құжаттар мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, электрондық дәлелдемелермен алмасуға және трансұлттық қылмыстарды тергеп-тексеруге жаңа мүмкіндіктер береді.
Қазақстанның киберқылмысқа қарсы күрестегі нақты нәтижелері
Конференцияда Қазақстан ІІМ-нің халықаралық алаяқтық желілерге және киберқатерлердің жаңа түрлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі тәжірибесі таныстырылды.
Шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ондаған алаяқтық call-орталықтың, оның ішінде ел аумағынан тыс жерлерде жұмыс істеген орталықтардың қызметі тоқтатылды. Дербес деректердің заңсыз айналымына тосқауыл қою бағытында арнайы операциялар жүргізілуде.
Қылмыстық жолмен жымқырылған 3,5 млрд теңгенің бұғатталуы қамтамасыз етіліп, жәбірленушілерге 5,6 млрд теңге қайтарылды. Google, Meta және TikTok сияқты ірі цифрлық платформалармен өзара іс-қимыл дамып келеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы екі жылда Қазақстанда интернет-алаяқтық саны 21%-ға азайды.
Министр атап өткендей, құқық қорғау органдарының басты міндеті - жасалған қылмыстарды ашу ғана емес, олардың алдын алу және азаматтарды алаяқтық әрекеттерден қорғау.
Қазақстан мен БҰҰ киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі өңірлік орталық құру мәселесін талқылауда
Конференцияның маңызды тақырыптарының бірі - Қазақстанның Астанада БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасы болды.
Қазіргі уақытта Қазақстан ІІМ БҰҰ ЕҚБ-мен бірлесіп, болашақ орталықтың тұжырымдамасын әзірлеуде. Оның қызметін бүкіл Еуразия өңірін қамтитындай етіп ұйымдастыру көзделіп отыр.
Орталық қызметінің негізгі бағыттары киберқатерлер мен трансұлттық қылмыстық схемаларды талдау, ақпарат алмасу, қылмыстарды тергеп-тексеру әдістерін жетілдіру және мамандар даярлау болуы мүмкін.
БҰҰ ЕҚБ-ның өңірлік өкілі Оливер Штольпе киберқылмысқа қарсы іс-қимылда халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың қажеттігін атап өтті.
- БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі өңірлік орталық құру бастамасын құптайды. Киберқылмысқа қарсы күрестің бірлескен стратегиялары мен тәсілдерін әзірлеу үшін күш-жігерімізді біріктіруге мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденовке алғысымды білдіремін, - деді Оливер Штольпе.
Конференция барысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов осындай халықаралық кездесулерді Астанада жыл сайын өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Халықаралық хакатон 13 мемлекеттің мамандарын біріктірді
Конференцияның практикалық бөлігі аясында Интерполдың қолдауымен халықаралық хакатон ұйымдастырылды. Оған 13 мемлекеттен 38 маман, сондай-ақ Қазақстан ІІМ-нің 20 өңірлік кибербөлімшесінің өкілдері қатысты.
Қатысушылар киберқылмыстарды анықтауға арналған заманауи құралдарды таныстырып, технологиялық шешімдер бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қолданылатын озық IT-әзірлемелердің көрмесі өтті.
Конференция қатысушылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады
Конференцияның негізгі қорытындыларының бірі - киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы.
Құжатта құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, жедел ақпарат пен электрондық дәлелдемелер алмасуды жетілдіру, бірлескен тергеп-тексеру жұмыстарын күшейту және мамандар даярлау мәселелері қамтылған.
Астанада өткен конференция Қазақстанның киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетті.
Ұсынылған практикалық тәжірибе, халықаралық бастамалар мен қол жеткізілген уағдаластықтар мемлекеттердің трансұлттық қылмыстық желілерге қарсы күрестегі күш-жігерін біріктіруге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазақстан халықаралық үдерістердің белсенді қатысушысы ғана емес, цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтарды қорғауға бағытталған нақты шешімдердің бастамашысы болуға дайын екенін тағы бір мәрте растады.