Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
— Әлеуметтік маңызы бар істер санаты бойынша, мәжбүрлеп орындату істері ерекше бақылауда. 2025 жылы мәжбүрлеп орындату процесінде 354 мыңнан астам алимент өндіру құжаты болды. Оның 60 мыңға жуығы орындалды. Нәтижесінде, 2026 жылдың басында 295 мың алимент өндіру құжаты қалды. Проблемалық алимент саны — 12,7 мың, немесе 4%. Олардың жалпы берешегі — 18 миллиард теңге. Көп жағдайда алимент борышкерлердің жалақысынан және басқа да табыс көздерінен өндіріледі, — деді ол.
Сондай-ақ М. Балабеков борышкерлердің берешегін бермеуі себептеріне тоқталды.
— Айта кететін жайт — қарыздың қалыптасуы екі негізгі факторға байланысты. Біріншісі — ресми жұмыстың болмауы. Екіншісі — кірісті қасақана жасыру. 2025 жылы борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында әкімдіктермен бірлесіп, бос жұмыс орындарының 645 жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 6,5 мыңнан астам алимент бойынша борышкер жұмыспен қамтылды, — деді ол.
Бұдан бөлек, маманның сөзінше, алимент төлеу бойынша берешегі бар азаматтарға заң аясында барлық мәжбүрлеп орындату шарасы қолданылып жатыр.
— Өткен жылы 4824 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, ал 380-і қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Борышкерлердің жасырын кірістерін анықтау мақсатында Әділет министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Қаржы министрлігімен бірлесіп жұмыстар атқарып келеді. Алдағы уақытта борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелер біріктіріледі, — деді М. Балабеков.
Оның сөзінше, мұндай шаралар борышкерлердің әлеуметтік жағдайын және басқа да кіріс көздерін одан әрі анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Әділет министрлігі мәжбүрлеп орындату нәтижелерін жариялағанын жазғанбыз.