Қазақстанда алимент төлеушілерге нақты табысын жасыру қиынырақ болады

03.11.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Қазақстанда алимент бойынша борышкерлердің табысын автоматты түрде іздеу аясы кеңейтіледі. Сот орындаушылары жолаушылар тасымалы, жеткізу қызметі, құмар ойындар мен электронды ақша операцияларынан түсетін табыстар туралы мәліметтерді ала алады. Қазіргі таңда мұндай ақпаратты қолмен сұратуға тура келеді, ал жауапты күту айларға созылуы мүмкін, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Кейбір алимент төлеушілер аз төлеу немесе міндеттемелерден мүлдем жалтару үшін нақты табысын әдейі жасырады. Олар ең төменгі жалақыны рәсімдеп, ақшаны өзге адамдардың картасына алады немесе қосымша табысын тіркемейді.

Мұндай схемаларды анықтау оңай емес. Тек Астана қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасында 22 мыңға жуық іс өндірісте жатыр. Оның үш мыңнан астамы – проблемалық істер.

"Мәселен, "Яндекске", онлайн-казиноларға сұрау салулар жіберіледі. Осы сұрауларға жауап күтеміз. Тиісінше, бұл көп уақытты алады. Бұл өндіріп алушылар тарапынан көптеген шағымның туындауына, соның ішінде уақыттың созылуына себеп болады. Тіпті осы ақпаратты алғаннан кейін де борышкерлер бұл қаулылармен, мәліметтермен келіспей, сот орындаушысының шешімдеріне сотқа шағымданады. Мұның бәрі уақытты алады, соның салдарынан атқарушылық өндірістің орындалу мерзімі созылады", - деді Астана қаласы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары Дәурен Дидарбеков.

Ақпарат қолмен жиналып жатқанда, нақты табысты анықтауға апталар, тіпті айлар кетуі мүмкін. Осы мерзімдерді қысқарту үшін мемлекет атқарушылық өндірістің автоматтандырылған жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеп отыр.

Қазірдің өзінде мемлекеттік органдармен, банктермен және басқа да ұйымдармен мәлімет алмасу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар сот орындаушылары интернет-платформалар мен мобильді қосымшалардың операторларынан мәлімет ала алады. Енді жолаушылар тасымалы, жеткізу, құмар ойындар және электронды ақшамен жасалатын операциялардан түсетін табыстарды бақылауға мүмкіндік беретін сервистермен интеграция жасау қажет.

Сонымен қатар адвокаттар ата-аналарға бұрынғы жұбайларының қаржылық белсенділігін өз бетінше бақылап, жиналған мәліметтерді сот орындаушыларына тапсыруды ұсынады. Бұл табыстың нақты көздерін тезірек анықтауға және алиментті өндіруге көмектесуі мүмкін.

"Instagram-нан сәнді өмірді, шетелге саяхаттарды көрсеңіз, скриншот жасап, тіркеп алыңыз да, сот орындаушысына жіберіңіз, ол анықтасын.
Бұл барлық қосымшаларға да қатысты. Бұрын бұл "сұр аймақ" болғанын, ал қазір бәрін тіркеу керек екенін бірнеше рет қайталап келеміз. Мысалы, алимент төлеуі тиіс борышкер жұбайыңыздың белсенді саудамен айналысатынын көрсеңіз, бұл сот орындаушысы үшін Kaspi.kz-ке барлық есеп айырысуларды ұсыну туралы талап қоюға негіз болады, содан кейін сот орындаушысы тиісті қорытынды жасай алады", - деп кеңес берді адвокат Григорий Громов.

Бүгінгі таңда алимент төлеуден жалттарғаны үшін борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Кейбір жағдайларда жаза екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін баруы мүмкін. Кейінгі бес жылда бұл санаттағы қылмыстық істердің саны үш еседен аса өсті. Тек осы жылдың тоғыз айында сотқа осындай 356 іс жолданды. Сот шешімдерін орындамағаны үшін үш мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью