24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Елде бала құқын қорғауды күшейтетін 10 негізгі заң қабылданды.
Балалардың өміріне, денсаулығына, психологиялық саулығына төнетін қауіп-қатердің алдын алу тетіктері заңнамалық деңгейде бекіді. Ал іс жүзінде бала құқына, қол сұққан қанша адам жазаланып, қанша жеткіншектің мүддесі қорғалды?
Бала өмірі, денсаулығы, психологиялық саулығы. Оны қауіп-қатерден сақтау – Мемлекет белгілеген басымдықтардың бірі. Бүгінге дейін 10 негізгі заң қабылданды. Осы аптада 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді. Құжат балалардың негізгі құқықтарын қамтитын 4 бағыттан тұрады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Олар: балалардың қауіпсіздігі, білім, денсаулық, отбасыға және әлеуметтік қорғаудағы құқықтары. Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор қарастырылған, нақты іске асыру үшін 158 іс-шара жоспарланған. Қаржыландырудың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды. «Қауіпсіздік» бағыты аясында қазіргі жағдайды ескере отырып, жұмыс жандандырылды.
Былтыр 5 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды. Жыл бойы өңірлерде жергілікті атқарушы органдар қызметіне тексеріс жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталды. Ал оған жол бергені үшін 40-қа жуық лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Ішкі істер министрлігінің дерегі: Былтыр түнгі уақытта көшеде қараусыз жүрген 130 мың бала, ойын-сауық орындарында 2600 бала анықталды. Ата-ана міндеттерін орындамаған 29 мың заңды өкіл жауапқа тартылды. Балаларды көлікпен тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 17 мың жүргізуші жауап арқалады. Мектептерде 1800 бұзақы анықталып, профилактикалық жұмыс жүргізілген.
Түнгі уақытта қараусыз жүру фактілері:
Көшеде - 130 мың бала
Ойын-сауық орындарында - 2,6 мың бала
Жауапкершілікке тартылды:
Ата-ана міндетін орындамаған - 29 мың адам
Тасымалдау ережелерін бұзған - 17 мың жүргізуші
Профилактикалық жұмыс - 1,8 мың бұзақы
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Есепте тұрған 4 800 кәмелетке толмаған және 5 700 ата-ана тұрақты бақылауда. Жасөспірімдер жасаған өткен жылғы бұзақылықтарды ескере отырып, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Түркістан, Ақтөбе, Атырау облысының әкімдеріне қосымша шаралар қабылдау қажет.
Құзырлылар қатарластарына теріс әсер ететін бұзақы яки, «қиын» балаларды тәрбиелеу шараларын кеңейтіп жатыр. Әлеуметтік желілердегі бейәдеп контент қатаң бақылауда. Сосын сыртқы ортамен қатар, күнделікті өмірге етене еніп жатқан пайдасыз әдеттерді тыйған жөн. Айтпақшы, Премьер-министр Олжас Бектенов балалардың зиянды ас-суға әуестігіне алаңдаушылық білдірді. Кейде фаст-фуд, энергетиктерге тәуелділік байқалатынын айтып, Денсаулық сақтау министріне ұсыныс енгізуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Өте маңызды мәселе - балалардың ішетін тамағы. Бізде өкінішке қарай балалар, жасөспірімдер көбісі фаст-фудқа, энергетикалық ішімдіктерге құмар болады. Тіпті кей кезде оған тәуелді болып қалады. Осы қауіпке біз бәріміз бүкіл ел болып, қоғам болып тойтарыс беруіміз керек. Ұсыныс енгізіңіздер.
Иә, елдегі халық санының 34%-ын балалар құрайды. Былтырғы есеп бойынша 7 млн-ға жуық кәмелетке толмаған жас бар. Кейінгі 10 жылда тұрақты демографиялық динамиканың арқасында балалар саны 1,5 млн-ға артқан.