Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Аталған бірлескен бұйрық «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заңды іске асыру аясында қабылданды, – деп хабарлайды Аikyn.kz. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжатта алғаш рет полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері мен қорғаншылық органдарының жауапкершілік аясы нақты бөлінген. Енді бала құқығының бұзылуы туралы кез келген ақпарат белгіленген мерзімдер мен жауапты тұлғалар бекітілген міндетті іс-қимылдар тізбегін іске қосады.
Жүйенің басты жаңалығы — әрбір жағдай үшін дербес жауапкершілікті қамтамасыз ететін кейс-менеджерлер институтының енгізілуі. Анықталған әрбір оқиға бойынша арнайы маман бекітіледі. Ол барлық қызметтердің жұмысын үйлестіріп, баланың құқығы толық қалпына келгенше оған қолдау көрсетеді. Мұндай тәсіл ведомстволар арасында жауапкершіліктің иесіз қалуын болдырмайды және зардап шеккен балаға үздіксіз көмек берілуін қамтамасыз етеді.
Қағидада алғаш рет әрекет етудің нақты мерзімдері бекітілді. Мәселен, ақпарат құзырлы органдарға дереу жеткізіледі, 1 сағат ішінде мәліметтер бала құқықтарын қорғау органына жіберіледі, 1 жұмыс күні ішінде кейс-менеджер тағайындалып, баланың өмір сүру жағдайы тексеріледі. Ал материалдарды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға тапсыру үшін 3 жұмыс күнінен аспайтын уақыт беріледі.
Енді ресми өтініштермен қатар, балалардың өздерінен түскен белгілер, «111» байланыс орталығының мәліметтері, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен БАҚ-қа жасалған мониторинг нәтижелері де әрекет етуге негіз болады. Оқиғаларды анықтау жұмысына барлық негізгі құрылымдар, соның ішінде мобильді топтар мен психологиялық қолдау орталықтары жұмылдырылды.
Балаларға көмек бірыңғай стандарт бойынша көрсетіледі. Оған медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық қолдаудың толық пакеті кіреді. Тағы бір маңызды өзгеріс – бұдан былай мемлекеттік қорғау мен міндетті сүйемелдеу тек зорлық-зомбылық көрген балаларға ғана емес, соған куә болған балаларға да беріледі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.