Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
2021-2024 жылдар аралығында балық өсіру мен өңдеуге бағытталған 87 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 21,4 миллиард теңгені құрайды. Іске қосылған нысандар жылына 20 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл шаралардың нәтижесінде балық өнімдерін сырттан импорттау көлемі 15 пайызға азайды.
Өткен жылы жылдық өнім көлемі 1,2 мың тоннадан асатын тағы 8 жоба пайдалануға берілді. Олардың бірі – Маңғыстау облысындағы теңіз торларында балық өсіру бойынша шаруашылық. Бұл жоба Орталық Азияда алғаш рет Каспий теңізінде жүзеге асырылды. «Organic Fish» компаниясы норвегиялық технологияны қолдана отырып іске асырған жобаның құны 12 миллиард теңге, жылдық өндірістік қуаты 5 мың тонна албырт тұқымдас балық шығаруға жетеді. 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында теңіз торларына салмағы 200 грамм болатын албырт тұқымдас балық шабақтары жіберілді. Қазіргі уақытта жоба тәжірибелік кезеңде.
Сонымен қатар 2030 жылға дейін құны 54 миллиард теңге болатын 40 жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар балық өсіру көлемін 14,4 мың тоннаға, ал балық өңдеу көлемін 10 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жылына 6,8 мың тоннаға дейін балық жемін өндіру жоспарға енгізілді.
Саланы дамыту және балық өсіру қарқынын тұрақты ұстау үшін арнайы балық жемі қажет. Осы мақсатта Алматы, Ақмола және Маңғыстау облыстарында мемлекеттік қолдау арқылы балық жемін өндіретін заманауи зауыттар салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Мемлекет тарапынан қаржы салымдарының бір бөлігін өтеу және балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарға жеңілдетілген несие беру шаралары қарастырылған. Бұл шаралар саланың тұрақты дамуына ықпал етеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда балық шаруашылығымен айналысатын қанша кәсіпкерлік нысаны бар екенін жазған едік.