Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АСТАНА, 28 мамыр – Sputnik. Бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерді кигендер жауапкершілікке тартылады. Заң талабы туралы ішкі істер министрлігі тағы бір еске салды.
Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда азаматтарға бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдер кимеуді ескертті. Бұл норма "Құқық бұзушылық профилактикасы" заңының 75-бабы 3-тармағында көзделген.
"Адамның түр-сипатын көзбен тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киімдерді кию құқық бұзушылық болып саналады", - деп жазды Polisia.kz.
Бұл тыйым ауа райы жағдайына және медициналық ұсынымдарға қатысты емес. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де тыйым салынбайды.
"Жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында белгіленген. Атап айтқанда, алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады", - дейді министрлік.
Дәл осы құқық бұзушылық бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылады.