Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Евразиялық даму банкі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің экономикасына арналған апта сайынғы макрошолуды жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Профицит 0,2 трлн-ға азайды
Есепке сәйкес, биыл қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның бюджет профициті 0,4 трлн теңгені (859 млн доллар) құрады. Бір жыл бұрын тура осы уақытта бұл көрсеткіш 0,6 трлн теңге (1,2 млн доллар) болған.
"Мемлекеттік кірістер салық түсімдерін арттырудың арқасында өткен жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда 0,7 процентке өсті. Ал шығыстар, әсіресе, әлеуметтік қамтамасыз етуге (+12,7%) және ауыл шаруашылығын дамытуға (+26%) жұмсалған төлемдердің есебінен 6 процентке артты", - дейді банк мамандары.
Осы орайда сарапшылар тежеуші факторларды да атады. Мәселен, бюджеттің мұнай табыстарына тәуелділігін барынша төмендету үшін ұлттық қордан түсетін трансферт 2,2 есеге азайды.
Басқа елдерде қалай?
Қырғызстанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі екі айда 8,4 процентке артты. Оған, көбінесе, өңдеуші салалалар әсер етті. Құрылыс пен туристік нысандарды жаңғыртуға бағытталған қаржының көлемі 14 есеге өсті. Банк болжамына сәйкес, алдағы уақытта инвестициялық белсенділік арта түседі.
Ресейде өнеркәсіптік өндірістің көлемі өткен жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда 0,9 процентке төмендеді. Өңдеуші салалардың басым бөлігінде өнім өндіру 2,8 процентке азайып отыр. Ал машина жасау (+2,1%) мен химия өнеркәсібінде (+0,5%) өсім байқалады. Ал негізгі экспорттық тауарлардың әлемдік бағасы көтерілгеннен кейін табыстың көлемі артты. 2026 жылдың екінші тоқсанында өнеркәсіп динамикасы жақсарады деген болжам бар.
Беларусьта нақты жалақы төлемдері тұрақты өсіп келеді. 2026 жылдың ақпан айында өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6,5 процентке өсті. Ал бюджеттік салада еңбек ақының көлемі 9,6 процентке артты.
Арменияда экономикалық белсенділік 7,4% процентке көтерілді. Осы орайда қызмет көрсету (+7,2%) мен құрылыс саласы (+20,5%) экономиканың негізгі қозғаушы күші болды. Осы елдің сыртқы саудасы да артты. Экспорт 12,6 процентке өсті. Банк мамандарының болжамына сәйкес, 2026 жылда Арменияда экономикасы 5,3 процентке өседі.
Өзбекстанда орталық банк базалық мөлшерлемені 14 процент деңгейінде қалдырды. Инфляция 5 проценттен артық болып отыр. Ал бағалар өткен жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда 7,3 процентке көтерілді. Банк болжамына сәйкес, жылдың соңында инфляция 7 проценттен төмен түседі. Сол кезде базалық мөлшерлеме де шамамен 13 процентке дейін төмендейді.
Тәжікстанда жоғары экономикалық өсім сақталып отыр. Биыл алғашқы екі айдың ішінде металл (29,5%) мен минералды өнімдердің (22,4%) арқасында 12,2 проценттік өсім тіркеліп отыр. Ішкі сұраныс та экономикаға оң әсер етіп отыр. Биыл Тәжістанның ішкі жалпы өнімі 8,1 процентке өседі деген болжам бар.