Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақстанда 2027–2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде цифрландырудың арқасында 1,5 триллион теңге шығынның алды алынды. Бұл туралы Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қаражатпен жұмыс істеудің барлық кезеңі - бюджетті жоспарлау мен мемлекеттік сатып алудан бастап, қазынашылық орындау мен онлайн-мониторингке дейін біріңғай цифрлық контурға біріктірілген.
"Бұл әрбір теңгенің қозғалысын бақылап, оның пайдаланылу тиімділігін бюджетті жоспарлау кезеңінде-ақ бағалай алатынымызды білдіреді. Тек фискалдық деректерді пайдалану есебінен жылына 200 миллиард теңгеге дейін үнемдеу қамтамасыз етілді", - деп атап өтті Такиев.
Шығындар ақша бөлінгенге дейін тексеріледі. Министр ең маңызды нәтиже ретінде кейінгі бақылаудан жоспарлау кезеңіндегі тиімсіз шығындардың алдын алуға көшуді атады.
"2027–2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 1,5 триллион теңге шығынның алды алынды. Яғни, цифрландыру тиімсіз шығыстарды анықтап қана қоймай, олардың пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік береді", - деп түйіндеді Қаржы министрлігінің басшысы.
Министр баяндамасының бұл бөлімінде нақты қандай шығындардың алды алынғанын және қай мемлекеттік органдар бойынша екенін нақтыламады.
Қосымша түсімдер - 410 миллиард теңгеТакиев цифрландыру есебінен қосымша түсімдер 410 миллиард теңгені құрағанын хабарлады.
Ол келтірген мәліметтерге сәйкес, салық жүйесінде 3,9 миллиард операция жүзеге асырылып, 1,8 миллиард шот-фактура жазылған. Тәуекелдерді басқару жүйесі 17,7 миллиард құжатты өңдеп, Smart Finance арқылы 99 мың хабарлама жолданған. Сонымен қатар 2,9 миллион транзиттік декларация рәсімделген.
"Ең бастысы - цифрландыру қазірдің өзінде нақты қаржылық нәтиже беріп отыр. Цифрландыру есебінен түскен қосымша түсімдер 410 миллиард теңгені құрады", - деді министр.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджетті бақылаудың цифрлық құралдары туралы айтқан болатын. Оның сөзінше, онлайн-мониторинг жүздеген миллиард теңге болатын тәуекелді төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол сол кезде мемлекеттік сатып алудың болжамды-аналитикалық моделі құрылатынын, бұл жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаражатты үнемдеуді қамтамасыз етуі тиіс екенін хабарлаған еді.
Сонымен қатар Tengrinews.kz бұған дейін 2027 жылға арналған бюджет жобасының негізгі параметрлерін жариялаған болатын. Ұсынылған жобада түсімдер 25,6 триллион теңге деңгейінде, ал тапшылық шамамен 4,5 триллион теңге көлемінде болжамдалған.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу