Қазақстанда цифрландыру логистика уақытын бірнеше аптадан екі күнге дейін қысқартты

28.05.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Қазақстан цифрландырудың арқасында логистикалық процестерді 2,5 аптадан 2 күнге дейін қысқартып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Астанада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекеттік органдары, бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдерін біріктірген V Еуразиялық экономикалық форум өз жұмысын бастады. Форум аясында экономикалық интеграция, сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және цифрлық даму мәселелеріне арналған 32 тақырыптық сессия жоспарланған.

Форумның негізгі алаңдарының бірі «Жаңа заман жағдайындағы еуразиялық сауда және логистика» атты сессия болды. Сессия барысында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өңірдегі цифрлық сауда, логистика және интеграциялық үдерістерді дамытудың басым бағыттарын атап өтті.

Өз сөзінде министр цифрландыру мен жасанды интеллект Қазақстан үшін стратегиялық даму бағыты екенін айтты. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен биылғы жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Елде сегіз стратегиялық бағыт бойынша 100-ден астам іс-шара жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы, Alem.cloud суперкомпьютері және мемлекеттік органдарға арналған ұлттық AI-платформа іске қосылды. Сондай-ақ шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі инвестицияны қамтитын жасанды интеллектке арналған «деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру мәселесі қарастырылуда.

Сессия барысында логистика мен сауда процестерін цифрландыруға ерекше назар аударылды. Қазақстанда көлік, өнеркәсіп, энергетика және агроөнеркәсіп кешенін қоса алғанда, экономиканың 72 саласын қамтитын 20 цифрлық трансформация картасы бекітілген. Осы жұмыс аясында автомобиль жолдары туралы деректерді цифрландыруға және инфрақұрылымдық процестердің ашықтығын арттыруға бағытталған e-Joldar бірыңғай автожол жүйесі іске асырылуда.

Халықаралық логистика саласында да цифрлық шешімдерді енгізу жалғасуда. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойында Digital Trade Corridor платформасы жұмыс істейді. Бұл платформа жүк тасымалын онлайн режимде сүйемелдеуге, құжаттарды рәсімдеуге және кедендік рәсімдерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, платформаны пайдалану жекелеген логистикалық процестерді бірнеше аптадан 1-2 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берген. Бұдан бөлек, Smart Cargo жүк тасымалын басқарудың цифрлық платформасы мен Keden кедендік рәсімдеу жүйесі енгізілуде. Соның арқасында Қазақстан-Қытай шекарасындағы кейбір транзиттік рәсімдерден өту уақыты шамамен 30 минутқа дейін қысқарған.

Маңызды интеграциялық бастамалардың қатарында Еуразиялық даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар да аталды. Олардың қатарында сәйкестікті бағалау және аккредиттеу процестерін цифрландыруға бағытталған e-КТРМ ұлттық техникалық реттеу ақпараттық жүйесі, сондай-ақ Еуразия кеңістігінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірыңғай цифрлық сауда алаңын қалыптастыруға негіз болатын Agromarket (AgroTrade) цифрлық сауда платформасы бар.

«Құрылып жатқан цифрлық сервистер сауда мен логистиканың тиімділігін арттыруға бағытталған ұлттық міндеттерді шешіп қана қоймай, ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлық кеңістігін одан әрі дамытуға, өзара сауданы кеңейтуге және Одаққа мүше мемлекеттер экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз қалыптастырады. Қазақстан үшін цифрландыру — бұл жай ғана технологиялық бағыт емес, сауда ағындарының жылдамдығын, ашықтығын және бәсекеге қабілеттілігін арттырудың практикалық құралы», – деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Сессияға қатысушылар цифрландыру бүгінде тек технологиялық тренд қана емес, сонымен қатар әлемдік экономика мен халықаралық сауда трансформациясы жағдайында сауда және логистика процестерінің жылдамдығын, ашықтығын және бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді құралына айналып отырғанын атап өтті.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью