Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Мамандардың пікірінше, мәселе өзекті. Әлемде балалардың шамамен 30 пайызы кеш сөйлесе, Қазақстанда әрбір төртінші балада осындай қиындық бар. AR SANA жобасы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.
Фото: видеодан алынған скрин— Идея алдымен «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорк университетінде оқып жатқан Айнұр Нұрәділге келген. Оның 15 жылдық тәжірибесі бар. Ол шетелдегі білімін Қазақстанда дамытқысы келеді. Алдымен ата-аналармен байланыстық, мәселелерді зерттедік. Осылайша, стартапқа кірістік, — дейді жобаның менеджері Нұрай Кинетова.
Жоба аясында екі бірдей платформа әзірленген. Біріншісі — логопедтерге арналған AR SANA LAB жүйесі. Ол арқылы мамандар баланың даму динамикасын бақылап, жеке жаттығулар ұсына алады. Екіншісі — балаларға арналған мобильді қосымша. Онда логопедиялық жаттығулар ойын форматында ұсынылып, баланың қызығушылығын арттыру көзделген.
— 17 мыңнан астам сөйлеу үлгілері бар. Жасанды интеллект іске қосылған. Анимациясына да ұзақ уақыт жұмсалды. Сана деген цифрлық логопед бар. Алдағы уақытта Әміртай деген қатарға қосылады, — деді жобаның әзірлеушісі Самир Хайргелдин.
Жобаны алдағы уақытта ЮНИСЕФ және «Асыл мирас» қорымен бірлесіп пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр.
— Шымкентте өткен «Digital Qazaqstan — 2026» форумында жобаға қызығушылар көп болды. Шара аясындағы байқаудан ІІІ орын алып, 3 млн теңге қаржылай жүлде алдық. Инвесторлар тарапынан ұсыныстар бар. Алдағы уақытта солармен жұмыс істейміз, — деді Нұрай Кинетова.
Еске сала кетейік, халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы алғаш рет Қазақстанда өтеді.