Қазақстанда денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды

22.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау аясында денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы (Health Intelligence Platform) алғаш рет іске қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа жүйе медициналық ұйымдар, кадрлар, медициналық техника мен инфрақұрылым туралы деректерді бір цифрлық кеңістікке біріктіріп, саланы басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын – Health Intelligence Platform жүйесін іске қосты. Бұл жоба Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды.

Бұған дейін денсаулық сақтау саласына қатысты ақпарат әртүрлі ақпараттық жүйелерде сақталып, деректердің қайталануына, талдау жүргізудің қиындауына және басқарушылық шешімдерді қабылдау процесінің баяулауына әсер етіп келген. Енді медициналық ұйымдар, медицина қызметкерлері, медициналық техника, инфрақұрылым және басқа да ресурстар туралы негізгі мәліметтер бірыңғай жүйеде шоғырландырылады. Бұл елдегі жағдайды нақты уақыт режиміне барынша жақын форматта бағалауға мүмкіндік береді.

Платформа қандай мүмкіндік береді?

Жаңа цифрлық жүйе Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға елдегі медициналық ұйымдардың саны, олардың дәрігерлермен, орта буын медицина қызметкерлерімен, медициналық техникамен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі туралы толық әрі өзекті ақпарат алуға жағдай жасайды.

Сонымен қатар әрбір медициналық ұйымның лицензиялары, кадрлық құрамы, ғимараттары, құрылымдық бөлімшелері, жабдықтары, төсек-орын қоры және басқа да мәліметтерді қамтитын бірыңғай цифрлық паспорты қалыптастырылады.

Платформа медициналық техниканың бүкіл өмірлік циклін – сатып алудан бастап техникалық қызмет көрсету, жөндеу, тозу деңгейі мен есептен шығаруға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жабдықтарды уақытылы жаңартып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ықпал етеді.

Жүйеде қандай сервистер бар?

Қазіргі таңда платформада денсаулық сақтау саласының негізгі цифрлық тізілімдері енгізілген. Олар:

Медициналық ұйымдар тізілімі – лицензиялар, ғимараттар, құрылымдық бөлімшелер, кабинеттер, палаталар, төсек-орын қоры және көлік туралы мәліметтер;

Кадрлық ресурстар тізілімі – штаттық кесте, қызметкерлер, еңбек қатынастары, сертификаттар, білім туралы деректер, кәсіптік тіркелім, студенттер, резиденттер мен магистранттар жөніндегі ақпарат;

Медициналық техника тізілімі – жабдықтарды есепке алу, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, қалдық құны және тозу деңгейі туралы толық мәліметтер.

Медициналық көмектің сапасы цифрлық бақылауға алынады

Платформадағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – медициналық көмектің сапасын цифрлық постлицензиялық бақылау жүйесінің енгізілуі.

Енді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары көптеген көшпелі тексерулер жүргізбей-ақ медициналық ұйымдардың қызметін қашықтан бағалай алады. Жүйе лицензиялық талаптардың сақталуын, медицина қызметкерлерінің сертификаттарының жарамдылығын, сондай-ақ кадрлармен және медициналық техникамен қамтамасыз етілу деңгейін автоматты түрде талдайды.

Бұл тәсіл тәуекелдерді ерте анықтап, заң бұзушылықтардың алдын алуға және анықталған кемшіліктерді жедел жоюға мүмкіндік береді. Барлық ұсынымдар медициналық ұйымдарға цифрлық форматта жолданып, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.

Алғашқы нәтижелер

Платформаны пилоттық режимде енгізу барысында лицензиялық талаптарға сәйкес келмейтін 38 медициналық ұйым анықталды.

Сондай-ақ автоматты мониторингтің нәтижесінде жарамдылық мерзімі өткен сертификаттары бар медицина қызметкерлерінің саны шамамен үштен бірге азайып, 3 637-ден 2 448 маманға дейін қысқарды.

Министрліктің мәліметінше, платформаның мемлекеттік ақпараттық жүйелермен терең интеграциялануы денсаулық сақтау саласын тиімді басқаруға, ресурстарды дәл жоспарлауға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью